«Шырын үшін ұрып-соққан»: Шу ауданында ажал құшқан оқушының отбасы сұмдық мән-жайды айтты

Qaz365.kz редакциясы

Мирас сол күні оларға барғысы келмей, сағат 21:06-да өзін мазаламауды сұрап хабарлама жіберген. Ол арғы күні отбасы атасының ас өткізетінін еске салған

Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында қаза тапқан оқушының отбасы Qaz365.kz редакциясына оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Жасөспірімнің әпкесі Амина Ким біздің басылымға берген сұхбатында және TikTok-тағы бейнеүндеуінде сол кешті егжей-тегжейлі баяндап, бұрын тараған «футболдан кейінгі тұрмыстық жанжал» нұсқасын жоққа шығарды.

«Футбол мүлде болған жоқ. Мирасты екі рет сыртқа алдап шығарған: әуелі үлкендер ауылдағы “контораның” жанында ұрып-соққан, кейін басқа жігіттер дүкеннің қасында соққыға жыққан», – деді Амина Ким.

Туыстарының айтуынша, оқиға шамамен кешкі тоғыздарда басталған. Үлкен таныстары бірнеше рет қоңырау шалып, сыртқа шығуын талап еткен. Мирас барғысы келмей, сағат 21:06-да сол күні өзіне тиіспеуді өтініп хабарлама жіберген. Ол арғы күні отбасында атасының асы болатынын да еске салған.

«Ол уақытты созып, шықпауға сылтау іздеді», – деді Амина Ким.

Алайда шамамен 21:30-да жасөспірім амалсыз сыртқа шығып, ауыл жастары «контора» деп атайтын орынға бет алған. «Сонда үлкендер оны күтіп алып, жерге құлатып сабаған. Кейін ол үйге қарай әзер басып оралған» деп қосты әпкесі.

Отбасының айтуынша, ол үйге келгенде бәрі ұйықтап жатқан. Мирас су ішіп үлгергенде, телефонына тағы бір хабарлама келіп түскен – бұл жолы «Нұрхан дүкеніне» келуді талап еткен.

«Оған не сатып алу керектігін айтып, шырын мен басқа заттарды әкелуді бұйырған. Ақшасын тартып алуға тырысқан. Ол барғысы келмесе де, тағы да шықты, бұл шамамен түнгі ондар шамасы», – деді Амина Ким.

Оқиғалар әрі қарай жылдам өрбіген. Анасы ұлына 22:20-да қоңырау шалып, қайда жүргенін сұраған. «Ол он минуттан соң келетінін айтқан. Бірақ он бес минуттан кейін ол өмірден өтті» деді әпкесі.

Дүкеннің артқы жағында жасөспірімді бұл жолы басқа, өзінен бір жас үлкендер қоршап алған.

«Алғашқы соққы кеудесіне тигенде ол тұншыға бастаған. Оған “әлсізсң” деп айқайлаған. Кейін тағы бір соққыдан кейін есінен танып құлап түскен», – деп суреттеді Амина Ким.

Әпкесінің сөзінше, сол сәтте дүкен маңында алты адам болған – үшеуі өздерінің тобы, үшеуі қарсы топ. «Кейін білдік, екі топ өзара байланыста болған: алғашқылар “конторада” соққыға жықса, екіншілері дүкен қасында тосып тұрған» деді ол.

Мирас бес баланың үлкені болған. Әкесі Алматыда жұмыс істейді, анасы үй шаруасында.

«Ол жақсы оқитын. Бірақ үлкендер үнемі қысым көрсетіп, дүкенге жүгіртетін. Бұл – күннен күнге күшейген кәдімгі мектептегі буллинг еді», – деді Амина Ким.

Жамбыл облыстық полиция департаменті Мирастың қазасын растады. Ведомство істің фигуранттары ұсталғанын, сотқа дейінгі тергеу басталғанын және тергеу әрекеттері жүріп жатқанын хабарлады. «Қалған мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – деді полиция.

Білім басқармасы баланың өліміне байланысты Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, оқушылар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.

«Біз қазірдің өзінде екі рет жауап бердік. Әуелі алты күдікті туралы айтылды, бүгін тағы екеуін шақырды. Біз толық суретті қалпына келтіру үшін барлығын айтуға дайынбыз. Ең бастысы – мұны жай төбелеске жаппай, оқиғаны бұрмаламасын», – деді Амина Ким.

Отбасы БАҚ-қа да жеке өтініш жасады: асығыстықпен болжам жасамауды және болған жайтты “ойыннан кейінгі жанжал” деп атамауды сұрайды.

«Бұл – әдейі алдап шақыру және жоспарланған шабуылдар тізбегі. Мұны ересектер де, оқушылар да естісін», – деп ерекше атап өтті әпкесі.

Qaz365.kz редакциясы отбасының ұстанымын тіркеп, жақындарының сөзін сол күйінде жеткізеді. Барлық процессуалдық қорытындыны тергеу органдары жасайды.

«Дүкен маңындағы камера жазбалары әр минутты қалпына келтіріп, барлық қатысушылардың атын анықтап береді деп сенеміз», – деді Амина Ким.

Мирастың жерлеу рәсімі, туыстарының айтуынша, барлық дәстүр бойынша өтеді.

«Біз тек әділ тергеу жүргізуді және мектептің айналасында тыныштықты сақтауды сұраймыз. Оның жасы небәрі он бес еді. Ол анасынa: “он минуттан соң келемін” деп айтқан», – деді әпкесі.