«Ақ бидай–2025»: Алматы облысында ауыл спортының басты мерекесі өтті

Qaz365.kz редакциясы

Алматы облысы, Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде VIII республикалық «Ақ бидай–2025» ауыл спорты ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын дәстүрлі дода биыл ерекше ауқымда өтіп жатыр,- деп хабарлайды Qaz365.kz

Ашылу салтанатына еліміздің барлық 17 өңірінен келген командалар қатысып, салтанатты шеруге шықты. Артынша «Ақ бидай» ойындарының ресми жалауы көтерілді.

Биылғы ойындарға 2000-ға жуық спортшы қатысып отыр. Олар командалық және жекелей сындарда 20 спорт түрі бойынша бақ сынамақ. Жарыс Алматы облысының үш аймағында – Талғар, Қарасай аудандарында және Қонаев қаласында өтеді.

Бағдарламаға қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, асық ату, жамбы ату сияқты ұлттық спорт түрлерімен бірге, үстел теннисі, мини-футбол, волейбол сияқты бұқаралық спорт түрлері де енген.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Әбдірахым Нұрлан Ерғалиұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, ауыл спортының дамуына ерекше тоқталды.

«Ақ бидай» – тек жарыс емес, ауылдан шыққан дарынды жастарды танытатын үлкен алаң. Соңғы жылдары өңірде жаңа спорт нысандары салынып, халықаралық деңгейдегі футбол академиясы ашылды. Мұның барлығы – болашақ чемпиондарға жол ашатын нақты нәтиже, – деді ол.

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов та өз әсерімен бөлісті.

«Ақ бидай–2025» ойындарының ашылу рәсіміне алғаш рет қатысып отырмын. Атмосферасы ерекше әсерлі – көтеріңкі көңіл күй, жанкүйерлердің қошеметі, спортшылардың салтанатты шеруі шын мәнінде шағын қазақы олимпиаданың ашылуын елестетті.

Бағдарламада ұлттық спорт түрлеріне, әсіресе қазақ күресіне басымдық берілгені көңіл қуантады. Бұл – тек жарыс емес, халқымыздың рухани байлығы мен төл мәдениетін дәріптейтін маңызды алаң.

азақ спортының тарихында есімі алтын әріппен жазылған чемпиондардың көбі – ауылдан шыққандар. Мұндай сайыстар ауыл жастарына дұрыс бағыт таңдап, спортта және өмірде биік белестерге жетуге жол ашады», - дейді ол.

Ал Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров дәстүрдің жалғастығына назар аударды.

«Жаз аяқталып, алтын күз келгенде «Ақ бидай» ойындарының өтуі де бекер емес. Кеңес дәуірінде де дәл осы мезгілде ауыл халқы спорттық шаралар арқылы бас қосатын

Тәуелсіздік жылдарындағы дәстүр жалғасы ретінде «Ақ бидай» ойындары биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – төрт жылда бір рет өтетін ерекше дода.

Парламент мінберінен арнайы келіп, ашылу рәсіміне қатысып отырмын. Бұл шара – ауыл жастарына үлкен мүмкіндік.

Ертеңгі күннің чемпиондары осындай алаңдарда шыңдалады. Ауылымыз көркейіп, жастарымыз ел болашағы үшін еңбек ете берсін!», – деді депутат.

Ойындарды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Алматы облысының спорт басқармасы және спортты дамыту орталығы бірлесе ұйымдастыруда.

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров бұл жарыстың жастарға берерін ерекше атап өтті.

«Ақ бидай–2025» республикалық ауыл спорт ойындары – ауыл жастарына арналған үлкен мүмкіндік. Президентіміз бұқаралық спорттың маңызын үнемі атап өтеді. Бұл – ұлт саулығының кепілі.

Ауылдан шыққан көптеген чемпиондар бүгінде ел намысын қорғап жүр. Бұл дода – сол рухты жалғастырушы алаң.

Жүлдегерлерге спорт шебері атағының берілуі – үлкен мотивация. Барлық командаларға сәттілік тілеймін!», - дейді ол.

Еске салайық, «Ақ бидай–2025» республикалық ауыл спорты ойындары 10 күнге жалғасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қыркүйектің соңына қарай белгілі болады.