Талғат Жүнісов: Агросекторды дамыту – елдің стратегиялық басымдығы

Qaz365.kz редакциясы
Фото: gov.kz

қмола облысының Зеренді ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кеңесте егін жинау науқаны мен агросекторды дамытудың стратегиялық маңызы талқыланды, деп хабарлайды Qaz365.kz 

Президент бұл сапарында ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы ерекше рөлін атап өтіп, Жолдауында да агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) дамытуға айрықша көңіл бөлген болатын. Осыған байланысты Сенат депутаты Талғат Жүнісов өз пікірін білдірді.

Жер – стратегиялық ресурс

Депутаттың айтуынша, Президент атап өткендей, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану агросектордың табысты дамуының басты шарты.

«2026 жылдың ортасына дейін мемлекетке қайтарылған жерлер тұрақты айналымға енгізілуі тиіс. Алдағы уақытта жер беру тетігі электрондық конкурстар арқылы жүзеге асатын болады. Бұл – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ететін қадам. Сонымен қатар, жердің сапасы мен өнімділігін бақылауда спутниктік мониторинг пен жасанды интеллектті қолдану маңызды серпін береді», – деді Талғат Жүнісов.

Толық өндірістік тізбек құру

Президент агроөнеркәсіп кешенінде тек өнім өндірумен шектелмей, оны өңдеуден бастап тұтынушыға дейін жеткізетін бірыңғай тізбектерді қалыптастыру қажеттігін айтты.
«Бұл жерде инновациялар мен ғылыми әзірлемелерді енгізу аса маңызды. Әр өңірде агрохолдингтердің тәжірибесін таратып, дайын өнімді нарыққа жеткізуге дейінгі тетікті жолға қоюымыз қажет», – деді сенатор.

Аграрлық ғылым мен адами капитал

Талғат Жүнісов агросектордың болашағы тек технологиялық жаңғыруға ғана емес, адами капиталға да тәуелді екенін атап өтті.

«Қолданбалы аграрлық ғылымды дамытпай, ауыл шаруашылығының ұзақ мерзімді серпінді өсіміне қол жеткізу мүмкін емес. Президент агрономияны дамытудың арнайы жоспарын дайындауды тапсырды. Бұл бағытта жаңа технологияларды игерген білікті мамандардың рөлі ерекше», – деді ол.

Сонымен бірге, депутат Мемлекет басшысы жариялаған 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы бастамасының агросектор үшін үлкен маңызы бар екенін атап өтті.

«Қазір инженерлер, құрылысшылар, ауыл шаруашылығы мамандары өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, жеңіл табыс көздерін іздеуге мәжбүр. Бұл жағдайды өзгерту үшін мемлекет еңбек адамына қолайлы жағдай жасап, лайықты жалақы төлеуі тиіс. Жұмысшы мамандығына деген құрметті арттыру – ел дамуының маңызды міндеті», – деді сенатор.