Былғары қолғап шеберлері тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Астаналық боксшылар Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында тарихи жеңіске қол жеткізді. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл жетістік ел спорты үшін үлкен мақтаныш, деп жазады Qaz365.kz.
Санжар Тәшкенбай екі дүркін әлем чемпионы атанды. Санжар алғаш рет 2023 жылы 19 жасында 48 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионатын жеңіп алған еді, екі жылдан кейін бұл жетістігін Ливерпульде 50 кг салмақта қайталап отыр, – деп жазды қала әкімі.
Сонымен қатар, Айбек Оралбай да ел тарихында алғаш рет суперауыр салмақта алтын медальді иеленді.
Айбек Оралбай өз есімін Қазақстан спорты тарихында алтын әріптермен жазды. Ол әлем чемпионатында суперауыр салмақта ел тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алды, – деді Жеңіс Қасымбек.
Нәтижесінде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп, жалпы есепте бірінші орынға шықты.
Әкім өз сөзінде спортшылардың табандылығын ерекше атап өтті:
Спортшыларымыз намысты қолдан бермей, керемет нәтиже көрсетті. Олар өз үлгісімен еңбектің, тәртіптің және өзіне деген сенімнің үлкен жетістіктерге апаратынын көрсетті. Бұл жетістіктерге бапкерлерінің де қосқан үлесі зор.
Айта кетейік, жеңімпаз боксшыларға 30 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Қала басшысы Астананың әрқашан спортты қолдап, талантты жастардың дамуына жағдай жасайтынын жеткізді. Оның айтуынша, елордада Боксты дамыту орталығы жұмыс істейді, ал биыл Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілген.