Оның айтуынша, оқиғада әкім орынбасарына оқ ату ниеті болмаған
Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша апелляциялық сот отырысы басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс бойынша сотталған Ернар Жиембай мен жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, сот шешімін өзгертуді талап етті.
Алғаш болып сөз алған Руслан Берденовтің адвокаты Жеңіс Тыныбек сотталушының әрекетін ауыр бапқа қайта ауыстыруды сұрады:
«Ернар Жиембайды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 2 және 6-тармақтары бойынша кінәлі деп тануды сұраймыз. Алдыңғы сот заңсыз үкім шығарды, сондықтан үкімді өзгерту қажет», – деді адвокат.
Сотта сөз алған Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пралиев болған оқиға барысын баяндап, ұлының жазасын жеңілдетуді сұрады. Оның айтуынша, оқиғада әкім орынбасарына оқ ату ниеті болмаған.
«Балам Берденовті қорқыту үшін ғана барған. Оқты оған емес, аспанға атқан. Кейін Сырымбек Тау екеуі аурухана ауласында кездесіп, ымыраға да келді. Бірақ кейін кешірім берілмеді. Ұлымның әрекеті – ашу үстінде болған іс, өлтіру ниеті болған жоқ. Сондықтан істі 106-бапқа (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) ауыстыруды сұраймын», – деді ол.
Пралиевтің айтуынша, бастапқыда іс «Адам өлтіруге оқталу» бабының 2-бөлігі бойынша тергелген, кейін прокуратура оны 1-бөлікке жеңілдеткен. Енді қорғаушы тарап бапты тағы да жеңілдетуді сұрап отыр.
Апелляциялық соттың алғашқы отырысы шамамен бір сағатқа созылды. Бұл жолы Руслан Берденов сотқа келмеді, ал сот залында Ернар Жиембайдың туыстары көп болды. Келесі отырыс бүгін сағат 16:00-де өтеді, онда сотталғанның өзі сөз сөйлейді деп жоспарланған.
Еске салайық:
2024 жылдың сәуір айында Шымкент әкімдігінің алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылған еді. Күдікті — «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры, 30 жастағы Ернар Жиембай. Ол оқиғаның қызғаныштан шыққанын, Берденов оның әйелінің әлеуметтік желідегі жазбасына лайк басқан соң ашуға булыққанын айтқан.
Берденовке төрт оқ тиген, ол ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Кейін сот Ернар Жиембайды 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Оқиғадан кейін Руслан Берденов қызметінен кетіп, қазіргі уақытта Алматы қаласы әкімдігіне қарасты «Дамушы орта» мекемесін басқарады.