Kcell мұндай қоңыраулар жасалмайтынын ескертті
«Кселл» АҚ телефон алаяқтарының жаңа әдістері көбейіп жатқанын мәлімдеді. Компания мәліметінше, соңғы уақытта белгісіз адамдар абоненттерге қоңырау шалып, өздерін оператор қызметкері ретінде таныстырып, «нөмірді верификациялау» немесе «ұзарту» қажет деген сылтаумен жиі қоңырау шалып жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Kcell мұндай қоңыраулар жасалмайтынын және абоненттерден телефон немесе мессенджер арқылы ешқандай әрекет талап етілмейтінін ескертті. Барлық ресми тіркеу және деректерді жаңарту рәсімдері тек Kcell және activ фирмалық дүкендерінде, сондай-ақ ресми сайттар мен мобильді қосымшаларда жүргізіледі.
Компанияның мәліметінше, телефон алаяқтары көбіне ресми қызметкер сияқты сөйлесіп, қысым көрсетіп, сенім тудыратын сценарийлерді қолданады. Осындай қауіптерден қорғау үшін Kcell жалған қоңырауларды автоматты анықтау жүйесін енгізген. Бұл жүйе 50 мыңнан астам белсенді контактіні қамтиды және күн сайын жаңартылып отырады. Күдікті нөмір анықталған жағдайда, пайдаланушының экранында «Күдікті қоңырау. Шағымдар бар» деген ескерту шығады.
Kcell басшысы Асқар Жамбакиннің айтуынша, тұтынушылардың қауіпсіздігі – компанияның басты басымдығы.
«Тек 2024 жылы біздің алаяқтықпен күрес тобы 2,8 миллион күдікті қоңырауды бұғаттады. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 миллионнан асты. Біз қорғау жүйесін үнемі жетілдіріп келеміз және клиенттерді күдікті әрекеттерден сақ болуға шақырамыз», – деді ол.
Қорғаныс жүйесін қосу үшін activ және Kcell абоненттері оператордың мобильді қосымшасына кіріп, «Менің реттеулерім» → «Қауіпсіздік» → «Нөмірді анықтаушы» бөлімінде нұсқаулықтарды орындауы қажет. Толық бейне нұсқаулар компанияның YouTube-тегі ресми арналарында қолжетімді.
Сонымен қатар Kcell пайдаланушыларға мессенджерлер мен онлайн-қызметтерде екі факторлы аутентификацияны қосуға кеңес береді. Бұл алаяқтардың жеке хабарламалар мен есептік жазбаларға кіруіне жол бермейді.
Компания абоненттерден растау кодтарын, құпия сөздерді және банк картасы туралы деректерді ешкімге бермеуге, күдікті сілтемелерді баспауға және күмәнді қоңыраулар туралы 3030, 9099 нөмірлеріне немесе ресми байланыс арналары арқылы хабарлауға шақырды.