Тоқаев Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады

Qaz365.kz редакциясы

Президент Палатаның заң шығару қызметімен және депутаттардың жұмыс бағыттарымен танысты

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдап, Палатаның заң шығару қызметімен және депутаттардың жұмыс бағыттарымен танысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесу барысында Ерлан Қошанов Мәжілістің негізгі жұмыс бағыттары, қабылданған және қаралып жатқан заң жобалары туралы баяндады.

Заң шығару қызметі:
Биыл Мәжілісте 15 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. Қазіргі уақытта 77 заң жобасы қаралып жатыр. Жыл соңына дейін Құрылыс және Цифрлық кодекстер, сондай-ақ «Банк қызметі туралы» Заң қабылданбақ. Бұдан бөлек, сайлау, тұтынушылар құқығын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы заң жобалары да талқылануда.

Жаңа бастамалар:
Депутаттар жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға түзетулер енгізу, креативті индустрияны, ғылыми зерттеу аумақтарын дамыту, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, бағбандық шаруашылық серіктестіктерін қолдау жөніндегі заң жобаларына бастамашы болды.

Заң шығару процесі ашық форматта, қоғам, сарапшылар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп келеді. Барлық саяси партиялардың фракциялары өз электоратының мүддесіне сай ұсыныстар енгізіп отыр. Маңызды заң жобалары Қоғамдық палатаның отырыстарында қаралады.

Жасанды интеллект және инновация:
Мәжіліс депутаттары Президенттің жасанды интеллект саласындағы бастамаларын белсенді қолдап отыр. Қыркүйекте Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» Заңды қабылдап, Сенатқа жолдады. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен парламенттік тыңдау өтті.

Энергетика министрлігі мен депутаттардың бастамасымен Ақтауда мұнай-газ машина жасау форумы ұйымдастырылып, саладағы қазақстандық үлесті арттыру мәселесі қаралды.

Парламенттік дипломатия:
Кездесуде халықаралық бағыттағы жұмыс та сөз болды. Биыл Қазақстанға Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының және Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағалары ресми сапармен келді. Мәжіліс түрлі елдердің парламенттерімен достық топтары арқылы тәжірибе алмасып, мемлекетаралық жобаларды қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Сонымен қатар депутаттар ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТүркПА, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы және басқа да халықаралық ұйымдар аясында табысты қызмет атқарып келеді.