Дәрігерлер үш рет қараса да, жүктілікті байқамаған: Жоғары сынып оқушыларына гинеколог қабылдауы енгізілуі мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Мектеп оқушысы босанып, қазір ауруханада жатыр

Lucky-child.com

Қазақстанда жоғары сыныптағы қыздарға арналған акушер-гинеколог кеңесін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мәселе Ақтөбе облысында болған оқиғадан кейін қоғамда қызу талқыланды. 13 қазанда өңірдегі орта мектептің тоғызыншы сынып оқушысы босанып, қазір ауруханада жатыр. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қыз бала жыл басынан бері үш рет дәрігерге қаралғанымен, жүктіліктің белгілерін ешкім байқамаған.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, оқушы акушер-гинеколог қабылдауында болмаған, ал мектептегі медициналық скринингтерде мұндай маман қарауы қарастырылмаған.

«Наурыз айының басында скринингтен өткен, ол кезде жүктіліктің ерте кезеңі болған. Ал жоспарлы тексерістерде акушер-гинеколог жоқ. Тек офтальмолог пен ЛОР мамандары бар. Бұл жағдай бойынша ата-аналар да, мұғалімдер де білмеген, себебі баланың өзі де шағынбаған», – деді Сұлтанғазиев Мәжіліс кулуарында.

Ол Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта жоғары сынып оқушыларына гинеколог қабылдауын енгізу тетіктерін қарастырып жатқанын атап өтті.

«Акушер-гинекологтардың қабылдауын енгізу мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл тек Ақтөбе облысындағы жағдаймен байланысты емес, жалпы профилактикалық медициналық көмекті жетілдіру мақсатында қаралып отыр», – деді вице-министр.