Алматы облысында рұқсатсыз құрылыс нысандары азайды

Qaz365.kz редакциясы
Алматы облысының әкімдігі

Алматы облысында құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар саны айтарлықтай қысқарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, күшейтілген мониторинг пен кешенді бақылау шараларының нәтижесінде рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстарының үлесі азайған.

«Жүйелі бақылау мен инспекторлардың мұқият жұмысы өз бетінше салынған нысандарды және рұқсатсыз құрылыстарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Мемлекеттік нормалар бұзылған жағдайда заңбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді басқарма басшысы Айдын Әуесбай.

Биыл құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар бойынша 127 іс мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға жолданған. Нәтижесінде жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Рұқсатсыз салынған нысандарды анықтауға ерекше назар аударылуда. Мәселен, Қонаев қаласында құрылыс нормалары бұзылып салынған коммерциялық нысан бұзылды. Осындай шаралар Талғар, Райымбек, Жамбыл және Қарасай аудандарында да қабылданған.

Қазіргі таңда соттарда өз бетінше салынған 14 нысанды бұзу туралы талап арыз қаралып жатыр.

Сонымен қатар, басқарма әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше бақылау жүргізіп, олардың сапасына тұрақты мониторинг жасап отыр.

Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және рұқсатсыз құрылысқа жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді.