130 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізеді
Республика күні қарсаңында Жетісу облысында маңызды инфрақұрылымдық жоба іске қосылды. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры жоспарланған мерзімінен бір жыл төрт ай бұрын пайдалануға берілді. Салтанатты шара «Үшарал» автоматты газ тарату станциясында өтіп, алты АГТС-та бір мезгілде көгілдір отын алауы жағылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл инвестициялық жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы жүзеге асырды.
Жоба 2024 жылдың тамызында басталып, барлығы 302,4 шақырым газ құбыры тартылды. Сонымен қатар «Қапал», «Жансүгіров», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай» және «Үшарал» елді мекендерінде алты автоматты газ тарату станциясы салынды.
Нәтижесінде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 80-нен астам елді мекеннің 130 мыңнан астам тұрғыны табиғи газбен қамтылатын болады. Қазіргі таңда елді мекендерге газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр, ал құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
Салтанатты шарада облыс әкімі Бейбіт Исабаев жобаны мерзімінен бұрын аяқтаған «QazaqGaz» компаниясына алғыс білдірді.
– Ең алдымен газға аурухана, емхана, мектеп, балабақша, мәдениет үйлері, спорт нысандары секілді әлеуметтік нысандарды қосамыз. Тұрғындардың да көгілдір отынға қосылуына мүмкіндік жасалады. Оған қоса өнеркәсіптің, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады, – деді аймақ басшысы.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарушы директоры Елжас Отыншиев жобаның әлеуметтік және экологиялық маңызын атап өтті.
– Елге газ келсе, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады. Экология жақсарады. Өңірге инвестиция құйылады, – деді ол.
Ал «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының стратегия және инвестициялар жөніндегі орынбасары Акбар Төлегенов құрылыс барысы ерекше бақылауда болғанын айтты.
– Жаңа газ құбыры және барлық 6 АГТС жоспарланған мерзімнен бір жыл төрт айға ерте дайын болды. Осылайша, «QazaqGaz» осы өңірді газдандырудың іргетасын қалап, жұмыстың негізгі көп еңбекті қажет ететін бөлігін орындады, – деді ол.
Іс-шарада аудан тұрғындары да сөз алып, көгілдір отынның келуін көптен күткенін айтты.
Үшарал тұрғыны Әбен Сақыпов:
– Біз осы күнді ұзақ күттік. Алакөл өңірінің қысы қатты, кейде 7-8 айға дейін от жағатын кезіміз болады. Немерелеріміз тоңып қалмасын деп таң бозынан от жағамыз. Бір қыста сегіз тоннаға дейін көмір жағамыз, оған қоса ағаш отын дайындаймыз. Көмір жағып, күлін шығару егде жастағы адамдарға оңай емес. Өзіміз үлкен көшелердің бірінде тұратындықтан, газға алғашқылардың бірі болып қосылуға мүмкіндігіміз болады деп ойлаймын. Шалғай ауданға газ келгеніне ризамыз, – деді.
Жетісу облысында газдандыру ісі қарқынды жүріп жатыр. Егер облыс құрылған кезде бар болғаны 5 елді мекен (27%) газбен қамтылған болса, бүгінде 84 елді мекеннің 404 мың тұрғыны (58,2%) көгілдір отынға қол жеткізген.
Жыл соңына дейін Панфилов – Кербұлақ – Талдықорған бағытындағы тағы 42 елді мекен газ жүйесіне қосылып, газдандыру деңгейі 72% (126 елді мекен) болады.
Ал 2027 жылдың соңына дейін 200-ден астам елді мекеннің 630 мың тұрғыны (91%) табиғи газға қосылмақ.
Бұл – өңір халқының әл-ауқатын арттыруға және экологиялық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам.