250 жаңа жұмыс орны ашылады
Бүгін, 24 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Республика күні қарсаңында Жаңаөзен қаласында «Каскор-Машзавод» ЖШС-нің жаңа зауытының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шараға мұнай-газ саласының ардагерлері, ұлттық компаниялар мен кәсіпорын басшылары, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнеркәсіптік негізді нығайту және экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, өңдеу саласын дамыту – өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтті.
«Бұл зауыттың іске қосылуы – Жаңаөзен қаласының экономикалық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындарды тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зауыт еліміздің мұнай-газ саласы үшін маңызды өнім өндіретін отандық кәсіпорынға айналатынына сенеміз», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа кәсіпорын жылына 540 мың дана сорғы штангасын, 51 мың тонна сорғы-компрессорлық құбырларды және футеровкалы сорғы-компрессорлық құбырларды өндіруге қауқарлы. Өндіріс іске қосылған соң 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Салтанатты іс-шарада сала ардагерлері мен өндіріс қызметкерлеріне облыс әкімінің және кәсіпорынның алғыс хаттары мен мерейтойлық медальдар табысталды.