Түркияда 6,1 балдық жер сілкінісі болды

Qaz365.kz редакциясы
Ашық дереккөзден

Түркияның батысындағы Балыкесир провинциясында магнитудасы 6,1 балл болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жерасты дүмпулері жергілікті уақытпен сағат 22:48-де (Астана уақытымен 00:48-де) болған. Эпицентрі Сындыргы елді мекенінің маңында, шамамен 5,9 шақырым тереңдікте орналасқан.

Куәгерлердің айтуынша, дүмпу сезілген аймақтарда тұрғындар үйлерінен жүгіріп шығып, біраз уақыт көшеде болған. Қайта-қайта соққан 3,5–4,2 баллдық афтершоктар жағдайды одан сайын қиындатқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, жер сілкінісінен төрт ғимарат қираған, алайда қаза тапқандар жоқ.

«Үш ғимарат пен бір дүкен орналасқан құрылыс нысаны қираған. Қазіргі сәтте зардап шеккендер мен үйінді астында қалғандар туралы ақпарат түскен жоқ. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр», – деді Түркия ішкі істер министрі Али Ерликая.

Құтқару және төтенше жағдайлар қызметтері оқиға орнында жұмыс істеуде. Билік жергілікті тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.