Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесіп, ел дамуы мен өзекті мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент елімізде қолға алынған бастамалардың маңыздылығына тоқталып, олардың ішінде экологиялық және технологиялық жобаларды ерекше атап өтті.
– «Таза Қазақстан» акциясы кең ауқымда жүргізілуде. «Таза» деген – жақсы сөз. Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек. Жалпы Қазақстан таза болуы қажет. Бұл – болмысымызға әсер ететін үлкен іс. Екінші, цифрлық мемлекет құру. Заманауи, озық елге айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдер көшінен қалып қоямыз. Сондықтан цифрландыруды, жасанды интеллектіні міндетті түрде дамыту қажет. Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Бұдан бөлек, атом стансаларын салуымыз керек. Қазір бірінші стансаның құрылысы басталды. Таяу арада екінші АЭС жобасын қолға аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент су тапшылығы мен ауыл шаруашылығына бөлінген қолдауға назар аударды.
– Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы жастарға тәрбие мен білім берудің, мәдениет пен өнерді дамытудың маңызын атап өтті. Ол Астана мен Алматыда тәулік бойы қызмет көрсететін екі Президенттік кітапхана салынып жатқанын және осындай үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін екенін айтты.