Екі қазақстандық Оңтүстік Корея шекарасынан заңсыз өтпек болған

Qaz365.kz редакциясы

Бұл оқиға Оңтүстік Кореяда жаппай наразылық тудырып, жергілікті БАҚ-тың назарына іліккен

ашық дереккөзден

Корея Республикасына кіруге рұқсат берілмеген Қазақстанның екі азаматы Инчхон халықаралық әуежайынан заңсыз қашып кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап

Ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігі растады.

Қазақтардың қашқаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылары жексенбіде таңғы сағат 4:20 шамасында депортация рейсін күтіп тұрған 21 және 18 жастағы екі қазақстандықтың әуежайдың ұшу-қону жолағы жанындағы қоршаудан асып, қашып кеткенін жазған.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі қазақстандық Оңтүстік Кореяға 24 наурызда Ташкент қаласынан "Koreana" әуекомпаниясының рейсімен келген. Кейін оларға елге кіруге тыйым салынғандықтан депортациялық рейсті күткен.

"Алайда қазақстандықтар Инчхон халықаралық әуежайынан заңсыз қашып кеткен. Олардың бірін жергілікті полиция ұстады. Екіншісі іздеуде", - деді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, бұл оқиға Оңтүстік Кореяда жаппай наразылық тудырып, жергілікті БАҚ-тың назарына іліккен.

"Қазақстан азаматтарының мұндай мінез-құлқы олардың осы елдегі имиджі мен мәртебесіне теріс әсер етуі мүмкін. Осы оқиға біздің азаматтардың Оңтүстік Кореяға кіру тәртібіне кедергі келтірері сөзсіз", - деп ескертті ол.