Бұл бағдарлама 2017 жылдан бастап жүзеге асып жатыр
«2017 жылдан бастап қаламызда «Алматы жастары» жеңідетілген бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Ол барлық өңірлерде аймақтық бағдарламалардың іске қосылуына негіз болды. «Елорда жастары», «Алатау жастары» бағдарламалары бар. Мұнда әр аймақта несие беру шарттары әртүрлі. Мәселен, «Алматы жастары» бағдарламасы аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, БАҚ, спорт, ғылыми-зерттеу институттары, құқық қорғау органдары сияқты жеті салада еңбек етіп жүрген 35 жасқа дейінгі жастарға несие беріледі», - деді спикер.
Данагүл Түсіпованың айтуынша, биыл бағдарламаға өзгерістер енгізілмек.
«Қазір әкімдіктің мақұлдауын күтіп отырмыз. Бағдарламаның басталғанын кейін хабарлаймыз. Біз 1100 азаматқа несие беруді жоспарлап отырмыз. Бағдарлама шарттарына келсек, бастапқы жарна – 10 пайыз, мөлшерлеме – 5 пайыз, несие сомасы былтырғыдай 18 млн теңге болуы мүмкін», – деп түсіндірді спикер.
Еске салайық, 2022 жылы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында мың адамға ипотекалық несие беру үшін 18 млрд теңге бөлінген болатын.
Айта кетейік, «Алматы жастары» бағдарламасына қатысу үшін қалада тұрақты тіркелу міндетті емес.