Qnet қызметі желілік маркетинг және электрон коммерция түрінде жасырылған
ҚМА Алматыда Qnet қаржы пирамидасын басқару дерегі бойынша күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, Алматы қаласы бойынша ҚМА департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп Qnet қаржы пирамидасын басқару дерегі бойынша күдіктіні ұстаған.
"Ол азаматтардан ақша жинап, біреуінің жарналарының есебінен басқа қатысушыларды байыту мақсатында қайта бөлді. Айта кету керек, Qnet қызметі желілік маркетинг және электрон коммерция түрінде жасырылған. Бірқатар шет елдерде Qnet компаниясы қаржы пирамидасы саналады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, оны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізген.
"Алматы қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 айға "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Егер сіз және сіздің жақындарыңыз Qnet компанисяының қызметіне тап болса, ҚМА call-орталығына хабарласуыңызды сұраймыз", - делінген ҚМА мәліметінде.