28 шақырымы дайын: Ақтөбе облысында ірі жол жобасы бойынша қозғалыс ашылды

Qaz365.kz редакциясы

Жобаның жалпы ұзындығы – 262 шақырым

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» ұзындығы 28 шақырымды (791–819 шқ) құрайтын бірінші кезеңді аяқтап, екі жолақты қозғалысты ашты. Жобаның жалпы ұзындығы – 262 шақырым, 2024–2028 жылдары толық іске асырылмақ, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қозғалыстың ашылуына Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев және сала мамандары қатысты.

Бұл жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту және елдің батыс пен орталық өңірлерін байланыстыру тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» жолы Ресей Федерациясына шығатын халықаралық дәліздің бөлігі саналады. Жобаны іске асыру транзиттік әлеуетті арттырып, өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайтады, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттырады.

Қайта жаңарту толық аяқталған соң жол І техникалық санатқа сәйкес болады. Төрт жолақты қозғалыс, жол қауіпсіздігі мен өткізу қабілетін арттыруға арналған заманауи инженерлік шешімдер қарастырылған. Бұл сапар уақытын қысқартып, көлік шығындарын азайтып, қауіпсіздікті арттырады.

«28 шақырымдық учаскенің ашылуы – қуанышты оқиға. Бұл облыс экономикасына серпін беріп, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.

791–819 шақырым аралығында 3 млн текше метрден астам жер жұмыстары атқарылып, 35 су өткізу құбыры, екі көпір және екі жолөткізгіш салынды. Геотекстиль мен геотор төселіп, жолдың негізі мен ірі түйіршікті асфальтбетоннан төменгі қабаты орындалды. Төрт мал өткізгіш орнатылып, инженерлік желілер көшірілді және қорғалды.

Құрылыста 6,2 мың текше метр темірбетон бұйымдары, 7,7 мың тонна битум және 773 мың тонна инертті материал пайдаланылды. 234 техника мен 409 маман жұмылдырылды. Асфальтбетон, бетон араластыру және қиыршықтас зауыттары іске қосылды.

Қолданыстағы жолда ағымдағы жөндеу жалғасуда: жалпы ауданы 19 мың шаршы метр шұңқырлар қалпына келтіріліп, оның 5 120 шаршы метрі биыл жөнделді. 25 520 шаршы метр тегістеу қабаты төселді.

Жобаны толық аяқтау – Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы маңызды кезең. Ол заманауи жол желісін қалыптастырып, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және көрші мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.