Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына «Балқаш» атауы берілді

Qaz365.kz редакциясы

«Балқаш» атауын 882 азамат ұсынған

AP Photo / Petr David Josek

Елде алғаш салынатын атом электр станциясының атауын таңдау жөніндегі жалпыұлттық байқау өз қорытындысын шығарды. Комиссия шешімімен станцияға «Балқаш» атом электр станциясы деген атау берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Конкурс 2025 жылдың 25 қыркүйегінен 10 қазанына дейін eGov Mobile платформасында өткізілді.

Байқауға 16 жастан жоғары 27 157 қазақстандық қатысып, әрқайсысы бір нұсқадан ұсынған. Сараптау нәтижесінде 10 460 бірегей атау тіркелді.

Комиссия құрамына қоғам белсенділері, креатив индустрия өкілдері, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих салаларының мамандары кірді. Олар ең көп ұсынылған 100 нұсқаны талқылады.

«Балқаш» атауын 882 азамат ұсынған. Ол танымалдығы бойынша бірінші орын алып, жеңімпаз атауға лайық деп танылды, – деп көрсетілді комиссияның қорытындысында.

Мамандардың айтуынша, бұл атау атом электр станцияларын географиялық белгі бойынша атау жөніндегі халықаралық тәжірибеге сай келеді.

Сонымен қатар нысанның атауы өзге тілдерде былай бекітілді:

  • орыс тілінде — «Атомная электростанция «Балхаш»»;

  • ағылшын тілінде — «Balkhash Nuclear Power Plant».