Түркістан облысының әкімі Жетісайдағы өрттен қаза тапқан отбасылардың туыстарына көңіл айтты

Qaz365.kz редакциясы
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына шұғыл барып, Алғабас ауылында болған өрттен қаза тапқан отбасылардың жақындарына көңіл айтты. Өңір басшысы оқиға орнын аралап, тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әкім аудандық ауруханаға барып, өрттен аман қалған тұрғындардың жағдайымен де танысты. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылғанын, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

«Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында болған ауыр қайғылы жағдай бәріміздің жанымызға батты. Бұл — бүкіл облыс үшін орны толмас қасірет. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үкіметтік комиссия құрылды. Қазір барлық жауапты органдар өрттің нақты себептерін анықтап жатыр. Тергеу жан-жақты жүргізіледі. Облыс әкімдігі тарапынан қаза тапқандардың және зардап шеккендердің отбасына медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілуде. Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау көрсетеміз. Жарақат алған азаматтардың тез сауығып кетуін тілеймін», – деді Нұралхан Көшеров.

Әкім қосымша көмек қажет болса, тиісті шаралар жедел атқарылатынын және өңірде мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік талаптары күшейтілетінін атап өтті.

Қайғылы оқиға 18 қараша күні таңертең тіркелген. Түркістан облысы ТЖД-нің «101» пультіне Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер келгенде үй толығымен жалынға оранған.

Өрт сөндіру барысында үш адам ес-түссіз күйде эвакуацияланып, дәрігерлерге тапсырылған. Сонымен қатар үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.

Өрт аумағы 360 шаршы метрді қамтыған. Қазіргі уақытта аудан әкімдігі, прокуратура, полиция және төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс әкімі жетекшілік ететін арнайы жұмыс тобы құрылды. Зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Тергеу басталды, өрттің шығу себебі анықталып жатыр.