Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығын қолдауға 15 млрд теңге бөлінді

Qaz365.kz редакциясы

Мал басы өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 7 пайызға артқан

Ақтөбе облысы әкімдігі

Агроөнеркәсіптік кешен – Ақтөбе облысы экономикасының негізгі қозғаушы күші. Бұл туралы өңір әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әкімнің айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім байқалады.

«Биылғы 10 айда шамамен 353 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде 171,8 млрд теңге – мал шаруашылығына, ал 177,6 млрд теңге – өсімдік шаруашылығына тиесілі», – деді өңір басшысы.

Мал басы өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 7 пайызға артқан.

Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін негізге ала отырып, Ақтөбеде «АЙС» сүт-тауарлы фермасын 1600 басқа дейін кеңейту жобасы іске асырылуда.
Бұл мақсатқа 7,5 млрд теңге көлемінде 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие берілген. Жоба толық қуатқа шыққанда жылына 20 мың тонна сүт өндіру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 800 бас ірі қара әкелінді.

Сонымен қатар, «Кең дала-2» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына 5,9 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінді.
Нәтижесінде биыл 554 мың тонна өнім жиналды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 40 мың тоннаға артық.

Ауыл шаруашылығына инвестициялар да қарқынды тартылуда — биыл жалпы құны 11,5 млрд теңге болатын 6 жоба іске асырылды.

Сонымен бірге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2 883 жоба мақұлданып, ауыл тұрғындарына 16,4 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді.

«Бұл бағдарлама ауыл экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халық табысын арттыруға зор серпін беріп отыр», – деді Асхат Шахаров.

Жалпы, 2025 жылы Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығын қолдауға 15 млрд теңге бағытталып, ауылды дамытуға жаңа қарқын берілмек.