Атыраулық полицейлер жол апатынан зардап шеккендерге арнап қан тапсырды

Qaz365.kz редакциясы

Олар бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға атсалысты

Атырау облысы аумағында 18–23 қараша күндері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды жолда сақтық шараларын қаперде ұстауға шақыру мақсатында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Іс-шара аясында патрульдік полиция қызметкерлері Атырау облыстық қан орталығында донорлық акцияға қатысты. Полицейлер әрқайсысы 450 миллилитрден қан тапсырып, жалпы көлемі 6 литрге жуық донорлық қан өткізу арқылы бірнеше адамның өмірін аман алып қалуға мүмкіндік жасады.

Донорлыққа қатысқан тәртіп сақшыларының айтуынша, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жол-көлік оқиғаларында қан жоғалту салдарынан өмірі қыл үстінде тұрған адамдарды жиі кездестіреді. Осы орайда, олар қан тапсырудың маңызын жақсы түсінеді және мұндай игі іске әрдайым үлес қосуға дайын. Қан орталығынык мамандары полицейлердің белсенді қатысуын жоғары бағалап, мұндай үлгілі қадам қоғамға зор серпін беретінін атап өтті. Донорлық – тек медициналық қажеттілік емес, қиын жағдайда қалған жандарға көрсетілетін тікелей көмек, адам өмірін сақтап қалудың нақты жолы.

Бұл шара полицейлердің тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен шектелмей, азаматтардың өмірін қорғауға бағытталған әлеуметтік бастамаларға да ерекше мән беретінін көрсетеді. Атырау полицейлері алдағы уақытта да осындай қайырымдылық және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға белсене қатысуды жалғастырмақ.