Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі нығайып келеді. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Биыл бидай дақылдарының өнімділігі 101,5%-ға, майлы дақылдардың өнімділігі 107%-ға артты. Экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 66%-дан 71%-ға жетті», — деді өңір басшысы.
Аймақтың агросекторында жаңа технологиялар белсенді енгізіліп жатыр. Егістік жерлердің 40%-ы сандық жүйелер арқылы өңделеді, бұл гектарынан 30 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан Қытай, Ресей және Өзбекстанмен ауыл шаруашылығы саласында серіктестікті кеңейтіп отыр. Ірі қытайлық сауда компанияларымен жалпы құны 50 млн АҚШ долларына май өнімдерін жеткізу туралы келісімшарт жасалған.
Мал шаруашылығы өнімін Қытай нарығына шығару үшін әлемнің 112 елінде мойындалған сертификаттау зертханасы ашылған.
Аквамәдениет саласында да ШҚО ел бойынша алдыңғы орында. Биыл облыста 2,5 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланған. Балық өсіру көлемі 2,5 есеге артқан, көктемде Қара Ертіске 51 мыңнан астам Сібір бекіресі жіберілді.