Шығыс Қазақстанда туризм төрт негізгі бағыт бойынша дамып келеді

Qaz365.kz редакциясы
visiteast.kz

Шығыс Қазақстан облысында туризм саласы қарқынды дамып, өңір экономикасының маңызды бағытына айналып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Әкімнің айтуынша, аймақта туризмді дамыту төрт негізгі кластер бойынша жүзеге асырылады:

  • Катонқарағай – Wellness-туризм;

  • Марқакөл – экологиялық туризм;

  • Риддер – тау-шаңғы демалысы;

  • Өскемен мен қала маңы аудандары – демалыс күндері туризмі.

«Бұл бағыттар инфрақұрылымды дамытып, жаңа инвестициялар тартуға және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», — деді аймақ басшысы.

Қыстың ерте түсуі мен қардың мол түсуі Шығыстағы тау-шаңғы туризміне ерекше мүмкіндік туғызып отыр. Қазір Риддер қаласы маңында “Анатау” туристік кешені салынып жатыр. Ол болашақта тау спорты мен демалыс үшін жыл бойы қызмет ететін ірі орталыққа айналмақ. Сонымен қатар PanaAsia қонақүй желісі өңірде халықаралық деңгейдегі жаңа қонақүйлер салуды жоспарлап отыр.

Облыста медициналық туризм де дамып келеді. Онкология және хирургия орталығының базасында Check-up қызметтері іске қосылған. Мұндай тексерудің бағасы Өскеменде шамамен 500 АҚШ долларын құраса, ал Кореяда ол 5–10 мың доллар аралығында.

Туристерді тарту мақсатында өңірде AltaiFest және «Шығыс Салбурыны–2025» сияқты ірі этномәдени фестивальдер өткізіледі. Соңғы фестивальге Қазақстанмен қатар Ресей, Қытай, Испания, Венгрия, Моңғолия және Қырғызстаннан келген 148 бүркітші қатысып, олардың өнерін 10 мыңнан астам көрермен тамашалаған.