Инчхон әуежайында қашып кеткен екінші қазақстандық полицияға өз еркімен берілді

Qaz365.kz редакциясы

Болған оқиға Оңтүстік Кореяда қоғамдық резонанс тудырды

AP

Кореяның Инчхон әуежайында қашып кеткен екінші қазақстандық полицияға өз еркімен барды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

“Шекараны заңсыз кесіп өткені үшін іздеуде болған Қазақстанның екінші азаматы корей полициясына өз еркімен берілді. Қазақстан Елшілігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отыр және отандастарымызға қажетті барлық консулдық-құқықтық көмек көрсететін болады”, - деп атап өтті Айбек Смадияров.

Бұған дейін Корея Республикасына кіруге рұқсат берілмеген Қазақстанның екі азаматы Инчхон халықаралық әуежайынан заңсыз қашып кеткенін жазған едік. Кейінірек олардың бірін жергілікті полиция ұстады, ал екінші отандасымыз іздеуде болған.

“Болған оқиға Оңтүстік Кореяда қоғамдық резонанс тудырды және жергілікті БАҚ-та кеңінен жарияланды. Өз кезегінде бұл жағдай болашақта Корея Республикасының құқық қорғау және иммиграциялық органдарын әсіресе Қазақстан азаматтарының елде заңсыз жүріп-тұруына қарсы белсенді күресуіне, сондай-ақ біздің отандастарымыз үшін елге кіру тәртібін қатаңдатуға итермелеуі мүмкін”, - деп мәлімдеген еді Сыртқы істер министрлігінен.