Елордада "Кирпичный" тұрғын алабына алғаш рет табиғи газ берілді

Qaz365.kz редакциясы

Елорданың Байқоңыр ауданына қарасты «Кирпичный» тұрғын алабында алғаш болып — Жолымбет көшесі, 12 мекенжайындағы жеке тұрғын үйге «көгілдір отын» берілді.   Салтанатты рәсімге Байқоңыр  ауданының әкімі Талғат Рахманберді, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының өкілдері және тұрғындар қатысты деп хабарлайды   Qaz365.kz.

 Бас қаланың «Кирпичный» тұрғын алабы өнеркәсіптік ауданға жатады. Мұнда жеке үйлер пешпен жылытылады, сондықтан үнемі көк түтін болатыны заңдылық. Енді газдандырудың арқасында экологиялық жағдай жақсарып, ауа әлдеқайда таза болады. 

«Бүгін –тарихи сәт. Байқоңыр ауданының тарихында алғаш рет – «Кирпичный» тұрғын алабы көгілдір отынға қосылды. Газдандыру жұмысы бірінші болып аудан аумағындағы осы тұрғын алапқа тартылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әрбір үйге газ жетуі – мемлекет қамқорлығының нақты көрінісі» деп атап өткендей, газ – халықтың тұрмысын жеңілдететін ең қолайлы энергия көзі. Бұл ауданның инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал ететін жоба. Бүгінде тұрғын алаптың 255-тен аса жеке секторы тұрмыстық табиғи газбен қамтамасыз етілді. Газдандыру барысында 17 шақырым құбыр тартылып, газ желісі салынды. Бұдан бөлек, «Өндіріс» тұрғын алабында да газдандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Биыл Тоқтаров, Өндіріс және Кеменгерұлы көшелерінде шамамен 300 үйге газ жеткізу жоспарланған.  Бүгінгі күні 10 шақырым желіден 3,5 шақырымы салынды, құбырлар Өзен, Жазық көшелеріне және Тоқтаров көшесінің тақ жағына дейін жетті. Қалған учаскелер келесі жылы толық газдандырылатын болады. Бүгінгі ортақ қуанышпен барша тұрғындарымызды құттықтаймын» деді Талғат Рахманберді.

«QazaqGaz Aimаq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатовтың айтуынша, газ құбырларының өткізу қабілеті сағатына 5 мың текше метрден асады.

«255 үйді газбен қамтамасыз ету үшін қысымды қажетті деңгейде ұстап тұратын екі шкафтық реттеу пункті орнатылды. Бұл ауданды газдандыру үшін ТЭЦ-1-ден жоғары қысымды газ құбыры тартылды», - деді Уәлихан Қымбатов.  

Оның айтуынша, «көгілдір отынға» қосылу үшін 4 құжат керек. Атап айтқанда, жеке куәлік, техникалық паспорт, жер теліміне құжат және үйдің меншік құжаттары. Өтінімді eGov платформасы арқылы онлайн түрде беруге болады.

«Біз бұл күнді ұзақ күттік. Тұрғындар  үшін ерекше, тарихи күн болды. Көптен күткен табиғи газ ақыры біздің үйге де жетті. Жылдар бойы пеш жағып, көмір мен отын тасып шаршаған едік. Енді міне, үйіміз жылы, асымыз таза газда дайындалады дегенге әлі де сене алмай тұрмын. Мұның бәрі біз секілді тұрғындардың жағдайын ойлаған қамқорлықтың нәтижесі. Енді тұрмысымыз жеңілдейтін болды», дейді  көгілдір отынға алғашқы қосылған үйдің тұрғыны Гүлдана ханым.

Айта кетейік, бұл аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалардың бірі.