Полиция ORDA порталының бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты тергеу жүргізіп жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу жүріп жатыр

Гүлнар Бажкенованың Facebook парақшасынан

Алматы қаласының полиция департаменті ORDA ақпараттық сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова тергеліп жатқаны туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомство мәліметінше, бірнеше рет және қасақана жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Тергеу шаралары барысында арызданушылардың уәждері жан-жақты тексерілуде. Алдын ала деректерге сай, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алу кезінде ұсталғаны жөнінде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратылған. Тергеу нәтижесінде мұндай оқиғаның болмағаны анықталды», – делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар департамент өкілдері тергеу шеңберінде Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Жалған ақпараттың дайындалу және жариялану жағдайларын, сондай-ақ оның қайдан алынғанын анықтау мақсатында электрондық құрылғылар мен материалдар тәркіленуде», – делінген ресми хабарламада.