Шерзат Полат ісінде мемлекеттік айыптаушы ретінде көпшілік назарын аудартқан прокурор Дана Сәрсенбай кәсіби мерекеге орай арнайы марапатқа ие болды. 6 желтоқсан – Прокуратура күніне байланысты Бас прокурордың бұйрығымен оған «Үздік мемлекеттік айыптаушы» төсбелгісі табысталды. Марапатты Астанада өткен салтанатты жиында Бас прокурор Берік Асылов өзі тапсырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Марапаттан кейін Дана Сәрсенбай Берік Асыловқа алғыс айтып, елдің құқықтық жүйесін нығайту бағытындағы еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол Бас прокурордың талапшылдығы мен әділ ұстанымын атап өтіп, оның бастамалары көптеген қызметкерге жігер беретінін атап өтті.
Прокурор Дана Сәрсенбайдың аты көпшілікке резонанс тудырған Шерзат Полат ісі арқылы белгілі болды.
2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат дүкенде әкесіне көмектесіп тұрған кезде сатып алушымен жанжал шығып, кейін үлкен төбелеске ұласқан. Оқиға орнына жиналған жастар пышақ қолданған. Шерзат пен оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ауыр жараланып, жасөспірім алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.
2025 жылғы 5 шілдеде сот қылмыстық іске қатысы бар 9 адамға үкім шығарды.