Алматының Түрксіб ауданындағы жаңа бизнес бастамалар: 20 грант иегері кәсіп бастады

Qaz365.kz редакциясы

Грант иегерлері жобаларын түрлі бағытта жүзеге асырып келеді

Алматының Түрксіб ауданында шағын бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары сәтті жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Соның ішінде негізгі құралдардың бірі кәсіпті енді бастаған кәсіпкерлерге арналған 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант. Бұл грант қажетті жабдықтарды сатып алуға, жұмыс орындарын ашуға және жаңа қызмет түрлерін іске қосуға мүмкіндік береді. Осылайша, тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігі мен табысы артады.

2025 жылы Түрксіб ауданындағы Отбасыны қолдау орталығы базасында түрлі білім беру курстарын 218 адам аяқтап, қажетті білім мен кәсіпкерлік дағдыны меңгерді. 20 қатысушы 400 АЕК (1 572 800 теңге) көлемінде мемлекеттік грант иегері атанып, кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бұл қолдау шараларының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш және ауданның шағын бизнесін дамытуға қосқан қомақты үлес.


Грант иегерлері жобаларын түрлі бағытта жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда: тігін ісі, спорт, білім беру қызметтері, клининг, сұлулық салондары, пайдалы тағам өндірісі, наубайхана және кондитерлік істер бар.

Әсіресе, тігін өндірісі саласы ерекше көзге түсіп отыр: биыл бұл бағытта 5 кәсіпкер грант жеңіп алды. Олар шеберханаларын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, ұлттық бұйымдар, мектеп формасы және күнделікті киім сияқты сұранысқа ие өнімдер шығаруды бастап кетті.


Бұл жобалар нарықты сапалы тауарлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, жұмыс орындарын ашуға және отбасылардың табысын арттыруға септігін тигізіп отыр.