Алматыда мердігерлерге алдын ала төлем беру тоқтатылады – Дархан Сатыбалды

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мердігер компанияларға аванстық төлем жасау тәжірибесі жойылатынын мәлімдеді. Енді келісімшарттар бойынша есеп айырысу тек атқарылған жұмыс фактісі бойынша жүргізіледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл шешім әкімнің проблемалық нысандарды аралау және тексеру нәтижесінде қабылданған. Тексеріс барысында бірқатар компанияның жұмысты толық субмердігерлерге тапсырып, өздері жобаларға қатыспайтыны анықталған.

«Көптеген компания конкурсқа қатысып, аванс алады да, жұмыстың 100 пайызын субмердігерлерге береді. Өздері басқа өңірде болып, нысандарға мүлде бармайды», – деді қала әкімі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сатыбалдының айтуынша, қазіргі таңда мердігерлер Қаржы министрлігінің рейтингілік жүйесі арқылы автоматты түрде таңдалады, яғни адам факторы жоқ.
Бұл жүйеде конкурс жеңімпаздары 30 пайызға дейінгі аванс алуға мүмкіндік алады, ал кейбір компания сол қаражат үшін ғана конкурсқа қатысатынын атап өтті.

«Нәтижесінде жобалар кешігіп, тапсырыс берушілер компания өкілдерін басқа қалалардан іздеуге мәжбүр болады», – деді әкім.

Жаңа тәртіптің енгізілуі мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, олардың жобаларға нақты қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ құрылыс пен инфрақұрылым жұмыстарының мерзімін қысқартуға бағытталған.