Қазақстан Парламенті Сенаты архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша заңды екі оқылымда мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпаратты қоғамдық кеңістікте, бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде және онлайн платформаларда таратуға шектеу қойылады. Сенатта бұл нормалардың басты мақсаты – балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау екені атап өтілді.
Сонымен қатар заңда архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған өзгерістер де қарастырылған. Атап айтқанда, жеке тұлғаның жеке өмірі, жеке және отбасылық құпиясына қатысты мәліметтерді қамтитын Ұлттық архив қорының және өзге де құжаттарға қолжетімділік олар жасалған күннен бастап 75 жыл мерзімге шектеледі.
Заңға берілген қорытындыда Сенаттың тұрақты комитеттері тарапынан ескертулер мен ұсыныстардың болмағаны көрсетілген. Дауыс беру нәтижесінде құжат толық мақұлданып, Президенттің қол қоюына жолданды.