Шығыс Қазақстан облысында өңірлік білім басқармасының ұйымдастыруымен Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысына арналған мазмұнды форум өтті. Бұл маңызды басқосу аймақтың кадрлық әлеуетін қалыптастырып отырған колледждер мен жоғары оқу орындарын, сондай-ақ жетекші өндіріс орындарын бір ортаға тоғыстырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Форумның негізгі өзегі – практикалық бағыттағы білім беруді дамыту және «колледж – кәсіпорын» арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту болды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бүгінде өңірдегі 27 колледжде дуальды оқыту жүйесі табысты жүзеге асырылуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында білім алып жатқан 5 мыңнан астам студент 448 кәсіпорынның өндірістік алаңында тәжірибеден өтіп, болашақта тұрақты жұмысқа орналасуға нақты мүмкіндік алуда.
Өңірде төртінші жыл қатарынан серіктес кәсіпорындарға арналған мақсатты кадр даярлау жүйесі жүйелі түрде іске асырылып келеді. Бұл бастамаға «Казцинк» ЖШС, «Согра жылу электр орталығы» ЖШС, «Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты» АҚ, «Промтехмонтаж», Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы, Біріккен энергиясервистік компания, Vosca, VK Development Group және өзге де ірі ұйымдар белсенді қатысуда. Қазіргі таңда жұмыс берушілердің қаржысы есебінен 96 студент білім алуда. 2025 жылы оқуын аяқтаған 43 түлек өңір кәсіпорындарына, соның ішінде «Казцинк», «Өскемен Водоканал» және Бақыршық тау-кен кәсіпорнына жұмысқа орналасты.
Форум барысында ірі бизнестің колледждерге қамқорлық көрсету институтын дамыту мәселесіне ерекше мән берілді. Соңғы бір жыл ішінде тәлімгер кәсіпорындар саны алты еседен астам артып, 32-ден 203-ке жетті. Белсенді серіктестер қатарында «Казцинк», Kaz Minerals Aktogay, Согра жылу электр орталығы, Өскемен конденсатор зауыты, Үлбі металлургиялық зауыты сынды алпауыт кәсіпорындар бар.
Іс-шара аясында білікті маман даярлау ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізген кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. «Жылдың үздік меценаты» номинациясы бойынша марапат «Казцинк» ЖШС-не табысталды. Компания өңірдегі кәсіптік білім беруді дамытуға қосқан елеулі үлесі, колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуы, WorldSkills чемпионаттарын қолдауы, Колледждер альянсының жұмысын үйлестіруі және студенттердің практикалық дағдыларын бағалаудағы белсенділігі үшін жоғары бағаланды.
Сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кадр даярлауға қосқан үлесі мен студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға көрсеткен қолдауы үшін «Үздік әлеуметтік серіктес» номинациясымен Шығыс Қазақстан облысының бірқатар жетекші кәсіпорындары мен ұйымдары марапатталды. Олардың қатарында Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты, Өскемен және Согра жылу электр орталықтары, Біріккен энергиясервистік компания, Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты, Өскемен су электр станциясы, Өскемен конденсатор зауыты, «Промтехмонтаж» ЖШС, VK Development Group, «VetLab» ветеринариялық клиникалық-диагностикалық орталығы, Qurt & Wine қазақ асханасы мейрамханасы, «Поляна» кафесі, «СМУ-Шығыс» құрылыс компаниясы, Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бар.
Форум ұйымдастырушылары серіктестерге өзара сенімге негізделген ынтымақтастық, жас мамандарды қолдау және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірді. Бұл өзара әріптестік өңірдің тұрақты кадрлық негізін қалыптастыруға нақты серпін беріп отыр.
Сонымен қатар өңір басшысы WorldSkills–2025 және ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер арасындағы Abilympics–2025 республикалық кәсіби шеберлік чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттап, оларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстады.
— Бұл форум Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысын түйіндеп қана қоймай, кәсіптік білім беруді одан әрі дамытуға жол ашатын маңызды бастамаға айналды. Бүгінде бизнес пен білім беру жүйесі бір мақсат жолында біртұтас команда ретінде жұмыс істеп келеді, — деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.