Алматы қаласында ЛРТ мен жаңа метро салынады

Qaz365.kz редакциясы
kapital.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өзінің әлеуметтік желісінде Алматы қаласының әкімдігі басты жоспарды көрсеткенін айтты. Жоспарға зер салсақ, Алматы қаласында ЛРТ салу мәселесі мен жаңа метро бекеті жайлы жазылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2040 жылға дейінгі басты жоспардың түзетілген нұсқасында сел қауіпі бар және опырылғыш жерде жаңа құрылыс салуға тыйым салған. Сондай-ақ мегаполистің сейсмикалық аймақтарында және тектоникалық жарықтарда құрылыс жүргізуге тыйым салынады. 

Мегаполистің басты мәселесінің бірі — көлік кептелісі екені бесенеден белгілі нәрсе. Осыған байланысты қоғамдық көліктер мен ЛРТ жайлы да жоспар құрылған:
• Абай даңғылынан халықаралық әуежайға дейін жаңа метро салу;
• Қаланың төменгі, көп адам қоныстанған аудандарында ЛРТ жүйесін енгізу;
• Метро, ЛРТ, жол қозғалысынан бөлек, арнайы жолақта жылдам жүретін автобустар жүйесі және қала сыртына бағытталған маршрутарды біріктіретін транспорттық орталықты іске қосу.

Жобаның тағы бір негізгі бағыты — қаланы көгалдандыру:
• 2030 жылға дейін 1100 гектар жасыл аймақ;
• 2040 жылға дейін қосымша 500 гектар.

Сондай-ақ, депутаттың сөзінше, адамдар тек қала орталығына бармай, өз аудандарында жұмыс істеу, демалу және мәдени іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болуы үшін орталықтар ашылады:

«Жобада қалада бес жаңа орталық ашу көзделген. Бұл орталықтарда адамдар жұмыс істеп, демалып, мәдени іс-шараларға қатыса алады. Сондықтан қала орталығына көп жиналудың қажеті болмайды. Нәтижесінде кептеліс азаяды және тұрғындардың өмірі ыңғайлырақ болады», — деді депутат.

Алда осы басты жоспарды үш күн бойы талқылайтын жиын өтеді. Депутат Бақытжан Базарбек осы жиынға қатысатынын айтты.