Тоқаев құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейтуді талап етті

Qaz365.kz редакциясы
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй құрылысының сапасына қатысты қатаң сын айтты. Оның айтуынша, елордада құрылыс көлемі артқанымен, кейбір жағдайда сапа мен қауіпсіздік талаптары сақталмай отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Президенттің мәліметінше, жыл басынан бері Астанада 5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл – республика бойынша пайдалануға берілген үйлердің шамамен төрттен бірі. Мемлекет басшысы мұны жақсы көрсеткіш деп бағалағанымен, сан қуып, сапаны елемеу ауыр салдарға әкеліп жатқанын атап өтті.

– Жақында тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып түсті, тағы бір үйде лифт құлады. Екі жағдай да қайғылы оқиғамен аяқталды. Сапасыз материал қолдану, құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарын сақтамау – бұл қылмыс. Бұған жол беруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкіметке құрылыстың барлық кезеңін – жобалаудан бастап дайын үйді тапсыруға дейін толық цифрландыруды тапсырды. Оның сөзінше, бұл салада тәртіп орнатып, сапаны бақылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ аймақ әкімдері елді мекендердің цифрлық көшірмесін жасап, барлық нысанның жағдайын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс.

Мемлекет басшысы құрылыс компанияларының жауапкершілігін күшейтуді талап етіп, тұрғын үй салып жатқан компаниялар, мердігерлер және жүргізілген сараптамалар туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы керек екенін атап өтті.