Алматы облысында «Күрті – Қонаев» автожолының 67 шақырымы қайта жаңғыртылды

Qaz365.kz редакциясы
Алматы облысы әкімдігі

Халықаралық «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізінің «Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы» бағыты бойындағы маңызды буын саналатын республикалық маңызы бар «Күрті – Қонаев» автожолын (0–67 шақырым) қайта жаңғырту жобасы аясында негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазіргі таңда ұзындығы 67 шақырым учаскеде төрт жолақты жолда қозғалыс ашылды. Бұл шешім жолдың өткізу қабілетін және жолдағы қауіпсіздікті едәуір арттырып, жол жүру уақытын қысқартады. Сондай-ақ еліміздің ең ірі агломерациясын орталық өңірлермен тиімді байланыстыруға мүмкіндік берді. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылды.

Қайта жаңғырту параметрлеріне сәйкес автожол Іб техникалық санатына келтіріліп, төрт жолақты қозғалыс ұйымдастырылды. Жоба шеңберінде төрт көпір құрылысы, бір көлік айрығы, айрық құрамындағы бір жол өткелі, бес бұрылыс алаңы және 61 су өткізу құбыры салынды. Нысан құрылысына 305 маман мен 104 бірлік құрылыс техникасы жұмылдырылды.

Жоба тек жол желісін жергілікті деңгейде жақсартуды ғана емес, елдің негізгі көлік дәліздерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Салалық операторлар мен өңірлік билік органдарының үйлестірілген іс-қимылы инфрақұрылымдық шешімдерді экономика, логистика және Алматы облысы тұрғындарының қажеттіліктерімен қатар ұштастыруға мүмкіндік береді.

«Ұзындығы 67 шақырымды құрайтын «Күрті - Қапшағай» автомобиль жолы - Алматы облысының көлік инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Тек биылдың өзінде өңірде облыстық маңызы бар 178 шақырым жол және көше-жол желісінің 473 шақырымы ретке келтірілді, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде республикалық маңызы бар 341 шақырым автожол жөндеуден өтті. Бұл жобалар жол жүру уақытын қысқартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және бизнес пен облыс тұрғындары үшін анағұрлым қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деп бастаманың маңызын атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар ұлттық оператор Алматы облысындағы республикалық маңызы бар автожолдарда 2025 жылы атқарылған жөндеу жұмыстарын қорытындылады. Өңірдегі республикалық жол желісінің жалпы ұзындығы 1 734 шақырымды құрайды, оның ішінде І санаттағы жолдар – 683 шақырым. Желінің құрамында (ақылы учаскелерді қоса алғанда) цементбетон жамылғысы бар 327 шақырым автожол, 134 көпір мен жол өткелі, сондай-ақ жер төсемінің тұрақтылығы мен су бұруды қамтамасыз ететін шамамен 2 200 су өткізу құбыры пайдаланылуда.

«Біз «Орталық – Оңтүстік» дәлізінің негізгі учаскелерін кезең-кезеңімен қазіргі заман талабына сай деңгейге жеткізіп келеміз. «Күрті – Қонаев» бағытында төрт жолақты қозғалыстың ашылуы – көлік шығындарын төмендетіп, логистиканың болжамдылығын арттыратын, сапарды мейлінше қауіпсіз әрі жайлы ететін нақты нәтиже. Алматы облысы үшін бұл жоба өте маңызды. Өйткені бұл жол жолаушы және жүк тасымалы айналымының өсуіне тікелей ықпал етіп, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді», – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

2025 жылы 341 шақырым автожол жөнделді . Оның 109 шақырымына қайта жаңғырту жұмысы жүргізілсе, 1 шақырым жол күрделі жөндеуден , 232 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Бұл басым бағыттар бойынша инфрақұрылымды кешенді жаңартуға және жол желісінің пайдалану сипаттамаларын жақсартуға мүмкіндік берді. Қайта жаңғырту аясында «Ұзынағаш – Отар» автожолының 42 шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, қозғалыс ашылды.

«Алматы – Бішкек» автожолындағы (25 шақырым, шығыс бағыты) күрделі жөндеу жобасы бойынша «таға» үлгісіндегі көлік айрығының құрылысы жалғасып жатыр. 2025 жылы 54 бұрғылап-құю қадасын қоса алғанда төрт тірек, төрт ростверк және тірек қаңқасы тұрғызылды. Жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Биыл бірқатар басым учаскелерде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысы жалғасты. Атап айтқанда, «Алматы – Бішкек» жолының 19-27 шақырым аралығын 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейту, «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» бағытының 13-21 шақырымдарын 4 жолаққа дейін ұлғайту, «Алматы – Өскемен» автожолының 43 шақырымында жерүсті жаяу жүргінші өткелін салу, сондай-ақ «Ақсай – Шонжы – Қалжат» (0-7 шақырым) және «Көкпек – Кеген – Түп» (53-68 шақырым) учаскелері бойынша жобалар әртүрлі деңгейде мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Орташа жөндеуден өткен «Алматы – Бәйтерек – Бәйдібек би» (14-43 шақырым), «Алматы – Шамалған – Ұзынағаш» (20-23 шақырым), «Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас» (187-230 шақырым), сондай-ақ «Жалаңаш – Саты» (18-24 шақырым) учаскелері пайдалануға берілді. Өтпелі нысандардың бірқатарында жол негіздері мен жамылғының төменгі қабаттары бойынша жұмыстар орындалып, үстіңгі қабаттарды төсеу 2026 жылға жоспарланды.

«Алматы – Шелек – Қорғас» ақылы автожолында 2025 жылы жолдағы ақауларды жою жұмысы кешенді жүзеге асты. Көпір құрылыстарында 101 мың шаршы метр алаңда жабын ауыстырылды, жарықтандыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ 2026 жылы Алматы облысында жол жобаларын жүзеге асыруды одан әрі жалғастырады. Оның ішінде өтпелі учаскелерді аяқтау және республикалық автожол пайдаланушылары үшін қозғалыс қауіпсіздігін, өткізу қабілетін әрі жайлылықты арттыруға бағытталған инфрақұрылымды одан әрі дамыту көзделген.