Түркияға зиянын тигізгендер қатаң жауап береді – Түркия ІІМ
Ыстамбұлда бомба жарды деген күдікке іліккен әйел ұсталды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Milliyet түрік басылымына сілтеме жасап.
Терроризмге қарсы бөлім бригадалары шабуылға кінәлі деп танылған әйелді ұстады. Күдікті ұсталған сәттің кадрлары пайда болды.
Айта кететін жайт, бұған дейін түрік полициясы 22 күдіктіні ұстаған болатын, оның ішінде бомба қойған әйел де бар. Бұл туралы Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу мәлімдеді.
"Біз шабуыл туралы нұсқау Кобаниден келген деп бағаладық. Оқиғаға себепкер, бомбаны қойып кеткен адам ұсталды. Бұған дейін 21 адамды ұстадық", – деді ішкі істер министрі.
Сонымен қатар, Сойлу Ыстамбұлдағы жарылысты ұйымдастырушылар мен кінәлілерге қатаң жауап берілетінін айтты.
"Қылмыскер Африн арқылы өткен. Қазір мұның бәрі анықталып жатыр. Түркияға зиянын тигізген бұл шабуылды ұйымдастырушыларға да, жасағандарға да қатаң жауап беріледі", – деді министр.
Жарылыс Ыстамбұлдың орталығында, Бейоглу ауданындағы Таксим алаңы маңындағы адам көп жүретін Истикляль көшесінде болған. Бұл туристер арасында танымал орындардың бірі. Түрік ақпарат құралдарының мәліметінше, жарылыс алты адамның өмірін қиып, 81 адам жарақат алған.