Жаңа жылда Тараз қаласында тұрғын үйлердің бірінде алапат өрт болды
Жаңа жылда Тараз қаласында тұрғын үйлердің бірінде алапат өрт болды. Бірнеше пәтерді өрт шалған соң, тұрғындар уақытша қонақүйге орналастырылған.
Мәжіліс депутаты Мұқаш Искандиров 1 қаңтарға қараған түні өрт шыққан көпқабатты тұрғын үйге барып, жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін үй тұрғындары уақытша қонақүйге орналастырылған. Әзірге тұрғындар тарапынан шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Төтенше жағдай кезінде 45 пәтерге зақым келген, оның 35-і күрделі жөндеуді қажет етеді.
Өртті сөндіру барысында төгілген су да тұрғын үйлерге едәуір залал келтірген. Қазіргі уақытта үйдің шатыры толықтай алынып, жаңа шатырды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын шамамен 200 миллион теңге. Оның 60 миллион теңгесі шатырды ауыстыруға жұмсалмақ, қалған қаражат пәтерлерді жөндеуге және қалпына келтіруге жұмсалады. Әрбір пәтерге орта есеппен 4–6 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылған.
Нысанда алты құрылыс бригадасы еңбек етіп жатыр. Қазіргі таңда алты пәтерде жөндеу жұмыстары басталған. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, бір апта ішінде шатыр толық жабылып, содан кейін пәтерлерді қалпына келтіру жұмыстары тұрғындардың ұсынысы мен қатысуы арқылы жалғасады.