Түрікменстанда азық-түлік бағасының қымбаттағанын ашық сынаған блогер Дидар Амансахатовтың қабірі табылды
Журналистер Түрікменстанда азық-түлік бағасының қымбаттағанын ашық сынағаннан кейін жоғалып кеткен блогер Дидар Амансахатовтың жерленген орнын анықтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Азаттық радиосының Түрікменстандағы тілшілері тапқан бұл дерек блогердің қаза тапқаны туралы ақпараттың рас екенін көрсетті. Дидар Амансахатов TikTok әлеуметтік желісінде Түрікменстандағы экономикалық ахуалды, әсіресе азық-түлік бағасының шарықтауын жиі сынға алған. Алайда оның өліміне қатысты нақты мән-жай әзірге белгісіз. Марқұм небәрі 34 жаста болған.
Hitrowski деген лақап атымен танылған блогер қараша айының соңында әлеуметтік желілерден ғайып болды. Бұл кезеңде Түрікменстан билігі сын пікір білдірген азаматтарға қысымды күшейткен еді. 18 желтоқсанда Азаттық редакциясы Амансахатовты қарулы күштер ұстап, соққыға жығып, азаптағаннан көз жұмғаны туралы мәлімет алғанын хабарлаған.
Аты-жөнін жасыруды өтінген түрікменстандықтардың бірі блогердің парақшасындағы жазбаның астына көңіл айтып пікір қалдырғаннан кейін тергеуге шақырылғанын айтты. Оның сөзінше, арнайы қызмет өкілі билікті сынаудан бас тартуға шақырып, блогердің тағдырын өзгелерге «сабақ болады» деп айтқан.Түрікменстан билігі Амансахатовтың қазасына қатысты ақпаратқа ресми түсініктеме берген жоқ.
Блогердің соңғы жазбаларының бірінде ол ет бағасының күрт қымбаттағанын, қарапайым халықтың оған қолы жетпейтінін жазған. Мемлекеттік бақылаудағы ресми ақпарат көздерінде азық-түлік тапшылығы, жұмыссыздық немесе халықтың тұрмыс деңгейінің төмендігі секілді мәселелер қозғала бермейді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Түрікменстанды әлемдегі ең жабық әрі қатаң режим орнаған елдердің қатарына жатқызады. Human Rights Watch ұйымы 2025 жылғы адам құқықтары жөніндегі баяндамасында Түрікменстанда сөз бостандығының тұсалып, ақпаратқа қолжетімділіктің толықтай мемлекет бақылауында екенін атап өткен.
«Билік кез келген өзгеше пікірге жол бермейді. Көптеген азамат әділетсіз сот үкімі үшін әлі де түрмеде отыр. Ал жоғалған ондаған адамның тағдыры әлі сол күйі белгісіз», — деп жазған Human Rights Watch.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде Ақмола облысының ауыл әкімі өзін сынаған тұрғынның үйіне сақшылармен бірге барған еді.