2025 жылдың нәтижесі: Жемқорларды ұстап бергендерге миллиондаған сыйақы төленді

Qaz365.kz редакциясы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2025 жылы жемқорлыққа қарсы жүргізген жұмысының нәтижесі

Фото: Elements.envato.com

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2025 жылы жемқорлыққа қарсы жүргізілген жұмыстың нәтижесін жариялады. ҰҚК мәліметінше, өткен жылы 895 адамның заңға қайшы әрекеті әшкереленген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл деректер бойынша 1 052 қылмыстық іс қозғалып, олардың 969-ы бойынша тергеу толық аяқталған. Нәтижесінде 860 іс сотқа жолданған.

Анықталған сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі пара алу және бюджет қаражатын жымқырумен байланысты. Тергеу барысында мемлекетке келтірілген шығынның бір бөлігі өтеліп, ел бюджетіне 16,1 млрд теңге қайтарылған. Сонымен қатар, жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынған.

Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру шаралары да жасалған.

«2025 жылы 61 адамға жалпы құны 24,2 млн теңге көлемінде сыйақы төленген», — деп мәлімдеді ҰҚК.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.