Мұғалімдер аттестация кезіндегі қағазбастылықтан құтылуы мүмкін
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова авторлық оқу бағдарламасына қатысты көзқарасын ашық айтты. Ол бұл бағдарманы алып тастап, орнына тиімді жүйені енгізу керек деп санайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның сөзінше, сыныптарда оқушылардың білім деңгейі әркелкі, ал қолданыстағы тәсіл бұл айырмашылықты тиімді еңсере алмай отыр.
Министр білім беру үдерісінде басты назар аттестацияға емес, нақты сабақ сапасына, оқушының мүмкіндігіне қарай жұмыс істеуге және мұғалімге шын мәнінде көмектесетін құралдарға ауысуы тиіс екенін атап өтті.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, авторлық бағдарламаның орнына оқу процесіне нақты пайдасы бар, мұғалімдерге де, оқушыларға да жеңіл әрі нәтижелі жүйеге ауыстыру қажет.
Министр бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын өзгеріссіз қалдырып отыр:
«Бір сыныпта сауаты қиын жағдайдағы балалар отырады. Бір сыныпта білімді балалар отыруы мүмкін. Сондықтан бұған авторлық бағдарлама жасайсыз ба? Атестациядан өтемін деп... Әлде сабаққа дайындаласыз ба? Немесе дифференциалды тапсырма ойлап табасыз ба? Менің ойымша, бұл оқу бағдарламасының дәл қазіргі уақытта тиімділігін көріп тұрған жоқпын. Бірақ осыған қатысты «Өрлеуде» ойымыз бір жерден шықпады. Мені «Өрлеуге» осы жерден басшы болуға шақырды. Олар маған оқу платформасын көрсетті. Бірақ олар алдағы бір үш жылға оқу бағдарламасын қалдыру туралы өздерінің позициясын ұсынып отыр. Менің позициям — авторлық бағдарламаны алып тастау. Бірақ оның орнына бір оқу процесіне тиімді нәрсе енгізейік. Мұғалімдеріміз үшін деген бір ой бар. Сондықтан осы ойды қарастырасыздар деп ойлаймын», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Еске сала кетсек, Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің аттестация кезіндегі қиындықтары жайлы баяндаған еді. Ол өткен жиында өзгеріс жасау үшін нақты ұсыныстар күтетінін айтқан болатын.