Бұған дейін БАҚ беттерінде бюджетте ақша жоқ болғандықтан Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрды қайта жөндеу жұмыстары тоқтатылғаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Бірақ бұл ақпаратты Мәдениет министрлігі жоққа шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұған дейін жалпы реконструкцияға жауапты құрылысшы 45 миллиард жетпеген соң құрылыстың тоқтағанын айтқан.
«Уәде етілген қаржы қазір бюджетте жоқ. Сондықтан реконструкциямен айналысып жатқан компания құрылысты консервациялауға мәжбүр болды. Салдарынан театр ұжымы басқа ғимараттың сахнасында қойылым қойып, көшіп-қонып жүруге мәжбүр», — деді журналист Шиманская.
Мәдениет министрлігі Әуезов театрын қайта құру жұмыстары тоқтағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
«Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары тоқтатылған жоқ. Қазіргі уақытта жоба жаңа қаржы жылының басталуын күтуде, содан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыстарды жалғастыру үшін қажетті қаражат бөлінеді. Нысандағы жөндеу жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында. М. Әуезов атындағы театрды қайта жаңғырту оның тарихи және мәдени құндылығын сақтауға қойылатын барлық талаптарды сақтай отырып, толық аяқталатын болады», — деп мәлімдеді министрлік.
Еске сала кетсек, Мұхтар Әуезов атындағы театрды жөндеу 2024 жылы басталды.