Қазақстан паспорты халықаралық рейтингте жоғарылады

Qaz365.kz редакциясы

Зерттеуге 199 елдің паспорты енгізілген

gov.kz

Henley & Partners компаниясы әлем елдері паспорттарының жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Зерттеуге 199 елдің паспорты енгізілген, ал негізгі өлшем – азаматтардың визасыз бара алатын мемлекеттер саны.

Жаңартылған мәліметке сәйкес, Қазақстан 2025 жылғы 65-орыннан 61-орынға көтерілді. Бұған визасыз қатынауға болатын елдер санының 77-ден 78-ге артуы себеп болған. Осы көрсеткішпен Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр.

Рейтингтің алғашқы орындарын Сингапур (192 ел), Жапония мен Оңтүстік Корея (188 ел), сондай-ақ Дания, Люксембург, Испания, Швеция және Швейцария (186 ел) иеленген. Ал тізімнің соңында Ауғанстан орналасқан. Бұл елдің паспорты небәрі 24 мемлекетке визасыз кіруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Henley & Partners паспорттар рейтингін 20 жылдан бері тұрақты түрде жасап келеді. Қазақстан паспортымен визасыз баруға болатын елдердің тізімін eGov порталынан да көруге болады.