«Бір шешімге келе алмай жатқанымыздан шығар»: Ринат Зайытов қымбатшылық жайлы сұрақтарға жауап берді

Qaz365.kz редакциясы
Фото: Бейнеден кадр

Бүгін мәжіліс дәлізінде депутат Ринат Зайытов журналистердің қымбатшылыққа, инфляцияға қтысты сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Журналист: «Депутаттардың қолынан қымбатшылықпен күресу келе ме?», — деп сұрады.

«Мәжілістің қолынан егер қалауы болса барлығы келеді деп ойлаймын өз басым. Тек біз сол мәселелерде бір шешімге келе алмай жатқанымыздан шығар жалпы», — деп жауап берді Ринат Зайытов.

Журналист халық қандай мәселеге қатысты оған шағым айтқанын сұрағанда ол:

«Халықтың шағымы үнемі біреу ғой. Әр өңірдің өзінің өңірлік проблемаларынан бөлек, қымбатшылыққа, басқасына инвесторларға ұсынылып жатқан жағдай мен жергілікті кәсіпкерлердің арасындағы айырмашылықтың өзі жергілікті кәсіпорындардың жабылуына әкеліп соғып жатыр. Оның өзі өкінішті жағдай», — деді Ринат Зайытов.

Ол айқайлағаннан гөрі шешім керек екенін айтты. Оның сөзінше, кішкентай мәселе шешілсе де, қазіргі сәтте халыққа үлкен қуаныш болып жеткелі тұр.

«Менің ойымша, айқайлап ұрандатқаннан гөрі нақты бір-екі шешім керек», — деді Ринат Зайытов.

Сосын «мысалы қандай шешімдер?» деген сұраққа ойланып тұрып:

«Әртүрлі. Мысалы, банк саласы бойынша ұсыныс айттық қой. Банктың пайыздық үстем ақысы бойынша, тарифтер бойынша, тіпті бүгінгі талқыланған экспорт бойынша да мәселе шешімін таппай жатыр. Біз қазір халықтың тұрмысын бір жеңілдететін кішкентай шешім шығарсақ та, ол халыққа үлкен болып, сүйіншілеп жетейін деп тұр», — деді Ринат Зайытов.

Ринат Зайытов айтыскер ақын болған. 2001 жылдардан бері айтысқа қатысқан. Айтыста қоғамдағы мәселелерді қозғап, билік жайлы сынды өлең жолдарына қосып айтатын. 2023 жылы «Аманат» партиясының тізімі бойынша Мәжіліс депутаты кандидат ретінде ұсынылып, партия қатарына қосылды. 2023 жылы 28 наурызда «Аманат» партиясының партиялық тізімі арқылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды.