«Қазақ елінен кешірім сұраймын»: Әкесін соққыға жыққан ер адам соттан жеңіл жаза беруін сұрады

Qaz365.kz редакциясы

Әкесін соққыға жыққан азамат сотта көз жасына ерік берді

Фото: Бейнеден кадр

Түркістан облысында әкесін соққыға жығып, оның өліміне себепкер болды деп айыпталған 41 жастағы Алмас Садақбаев сотта өкінетінін айтып, жеңіл жаза сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол көз жасына ерік беріп, білместік болғанын, пендешілікке барғанын айтып ақталды.

«Барша қазақ елінен кешірім сұраймын. Түсіністікпен қарауын сұраймын. Білмей қалдым. Ашуға бой алдырып қойдым. Ешкімнің басына мұндай салмаса екен. Ешкім өмірде қателеспесе екен, қылмыс жасамаса екен деп тілеймін, жастарға, бала-шағамызға... Ешкім алдында не боларын білмейді екен. Жаман өкінемін, істеген ісіме шынайы өкінемін. Өкінемін! Ісіме өкінемін! Өмір бойы өкініп өтемін. Шынын айтсам, бас көтеріп жүре алмай қалдым. Жүруге де ешқандай қақым қалмады. Барша қазақ елі кешірсе екен деймін, мұсылман бауырлар. Қателестім. Өкінемін. Білместік болды. Пендешілік болды. Мен де пендемін ғой. «Қарғамаса екен сыртымнан» деймін. Аман-есен бала-шағама, үйіме жетсем екен деймін. Шынайы өкінемін», — деді Алмас Садақбаев.

Ол сотта жағдайларының болмағанын, адвокат жалдай алмағандарын айтып, жеңіл жаза беруін сұрады.

«Жүрегіммен өкініп отырмын істеген ісіме. Ешкімнің ала жібін аттамаған едім. Сондай болып қалды аяқ асты. Дұрысынан түсінсеңіздер деймін, құрметті сот. Түсінемін бәрін. Сіздерде де бала бар ғой. Қателестім. Толық мойындаймын қатемді. Ісіме өкінемін. Жағдайымыз болмады. Адвокат жалдауға да ақшамыз жоқ. Шешеміз қайтыс болған. Ініміз жалғыз тұрады, ажырасқан. Жақында қарындасымыз қайтыс болды. Ауырлықтың бәрі мойнымызға түсіп, әбіржіп қалдық. Сүйенер ешкіміміз жоқ. Кешіріңіздер. Жеңіл жаза беріңізші. Өтінемін», — деді Алмас Садақбаев.

Айта кетейік, қылмыс өткен жылдың тамыз айында Шардара ауданы Қоссейіт ауылында болған еді. Зейнеткерді соққыға жыққан сәттің видеосы қарт кісі қайтыс болғаннан кейін әлеуметтік желілерде тараған. Мемлекеттік айыптаушы 6 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және қосымша жаза беруді сұрады.