«Кәсіпкерлер заңсыз сотталды»: Адвокаттар Тоқаевқа үндеу жолдамақшы

Qaz365.kz редакциясы

Олар 1,3 млрд теңге жымқырды деп айыпталған

azattyq-ruhy.kz

Астанада бес кәсіпкердің жазықсыз сотталуына наразы бір топ адвокат БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.

Мұрат Жаңабергенов, Шалқар Төлегенов, Азамат Төлегенов, Александр Тиманов және Мөлдір Бекбайдың жазықсыз сотталуына қатысты бір топ адвокат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдамақшы. Олар Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша айыпталып отыр.

«Біз бұл шараға баруға мәжбүр болып отырмыз. Ақмола облысы экономикалық тергеу департаменті заңсыз тіркеген аталған қылмыстық іс бойынша барлық қорғаушы сапалы, кәсіби жұмыс жүргізді. Тергеу және сот болған 3 жылдан астам уақыт бойы қорғаушылар әділдік үшін күресіп келеді», – деді қорғаушы Анар Құсайынова.

Қызылсуат ауылындағы электрмен қамтамасыз ету нысаны 2019 жылдың 25 қыркүйегінде салынып, пайдалануға берілген. Ол Ақмола облысы Целиноград ауданыны әкімдігінің қарамағына қарайды. Ауыл электрмен қамтамасыз етілген.

«Біз қорғаған адамдар өздері жасамаған қылмыс үшін сотталды, – деді қорғаушы.

Адвокат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөзін еске салды.

«Президентіміз құқық қорғау органдарының қиялынан туған қылмыстық істерді тез арада Бас прокуратура тоқтатуы керек. Мемлекеттік қызметкерлердің бизнеске заңсыз араласуы және оған кедергі келтіруі ауыр қылмыс ретінде саналуы керек. Бұл әрекет етуге итермелейді. Алайда біз көргендей, Ақмола облысының экономикалық тергеу департаменті шулы істерді тергеуге құнығып, облыстық прокуратура қадағалау органынан айыптау органына айналған. Сот қадағалау органы мен тергеу органына жалтақтап отыр. Олар Президенттің тапсырмасын орындап қана қоймай, заңды да сақтамай отыр», – дейді ол.

Қорғаушы Гүлзейнеп Сұлтанова мәселенің мән-жайын айтып берді.

«Мен Қызылсуат ауылында электрмен қамту құрылысын жүзеге асырған ұйым басшыларының қорғаушысымын. Құрылыс 2017 жылы басталып, 2019 жылы аяқталды. Мемлекет нысанның құрылысына 1 трлн-нан астам теңге бөлді. Алайда айыптаушылар біз қорғап жатқан тұлғалар 1,3 трлн теңгеге шығын келтірді деп айыптап отыр. Демек айыптаушылардың шешімі мен тергеудің нәтижесі бойынша нысан 307 млн теңгеге салынғандай болып отыр. Ал жеткізушіден сатып алынған тек бір қондырғы 425 млн теңгеге сатып алынған», – деді қорғаушы.

Ол атағандай, жоба 2013 жылы әзірленген.

«Құрылыс 2017 жылы басталды. Төрт жыл айырмашылық бар. Осы төрт жылда біздің экономикада бірқатар өзгеріс болды. Ол: девальвация, материалдың қымбаттауы, логистиканың күрделенуі. Біздің мердігерлер жұмысқа кіріскенде жобаға сай нысан салу мүмкін емес екенін көреді», – деді ол.

Оған қатысты сот отырысында дәлелдер де көрсетілген.

Мердігерлер ол жұмысты қайтадан жөнге келтіріп, қайта келісім жасаған. Оған тапсырушы әкімдік, мердігер, техникалық және авторлық бақылау өкілдері қол қойған.

«Оның аясында қондырғыны ауыстыру көзделген. Қондырғы ауыстырылды. Оған шығын жұмсалды. Бірақ тергеу кезінде сот пен тергеу органы оны назарға алмай отыр. Оның құнын ешкім есептеп шығармады. Сондықтан біз сот шешімімен келіспей отырмыз. Құрылыс аяқталған соң аталған қондырғыны мердігер әкімдікке тапсырған. Ол ауылдың одан әрі дамуына септігін тигізсін деген мақсат болды. Әкімдік ол қондырғыны балансқа қойды», – деді ол.

Адвокат Мәкіш Есқараев кәсіпкерлер жобада болмаған 4 көшені электрмен қамтығанын айтты.

«Тұрғындар үйін салып болғаннан кейін орнатқан. Қондырғыны әкімдікке тапсырған. Бұл- халық үшін жасалған дүние. Сот пен прокуратураны оны назарға алмай отыр. Еліміздегі соттың әділеттігі құлдырап барады.  Оның салдары халық үшін қауіпті. Егер адамдар халық үшін жұмыс істеп жатса, олар болашақта заңмен қорғалмағанын білсе, ешкім жұмыс істемейді», – деді Есқараев.

Қорғаушылар айыптау актісі көшірілгенін айтады.

«Судья Валитова өзінің шешімінде нормативтік бұйрықтың 18- тармағына сілтеме жасаған, онда егер кінәлі  лауазымдық құзырын қолданса, қосымша біліктілік талам етілмейді деген. Бірақ ол Жаңабергеновты 2-бап бойынша соттады. Ал Целиноград ауданының прокуроры мемлекеттік айыпталушының қатесін түзету үшін қосымша жазаны 8-ден 10 жылға ұлғайтуды сұраған. Олар жымқыру болды деп есептейді. Бұл аудандық прокуратура қызметкерлерінің біліктілік деңгейін көрсетеді», – деді Анар Құсайынова.