Ғалымдар Мұстафа Шоқайдың сүйегін елге әкелуге қарсы
Белгілі ғалым, тарихшы Мәмбет Қойгелді “Мұстафа Шоқайдың сүйегін елге әкелуге ғалымдар қарсы болды” деді. Бұл туралы ол "Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі.
“Мен Президенттің атына Мұстафа Шоқай мен Мәрия Шоқайдың сүйегін елге алып келу туралы хат жолдадым. Бұл ұсынысты Президент қолдады да, комиссияның құрамында болған ғалымдар қолдамады. Олардың жалғыз-ақ айтқан уәжі, аргументі біреу-ақ. “Қазақ елі Шоқайды қабылдауға дайын емес” дегені болды. Бұл – мықты уәж емес”, – деді тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді.
Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай өткізіліп жатқан ғылыми конференцияда алаштанушы ғалым тағы бір өзекті ұсыныс айтты.
“Бүгінгі жиын Ахаң туралы. Оның ұлтқа еткен еңбегін, қызметін айту – міндетіміз, ұлықтау – парызымыз. Алаштықтар дегенде ойға келетін тағы бір тұлға Мұстафа Шоқай. Ахаңның 150 жылдық мерей тойы сияқты тойлануы керек, ғылыми жиындар өткізілуі қажет тұлға – Мұстафа Шоқай”, – деп, ғалым өз ұсынысын ортаға салды.
Конференцияға отандық және алыс-жақын шетелдерден 100-ден астам ғалым-зерттеуші қатысып, баяндама жасады.