Қызылорда облысында әлеуметтік саланы дамыту мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Жиынға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төрағалық етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кеңеске сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев, Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, Туризм және спорт вице-министрі Бауыржан Рапиков, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова қатысты.
Мәжілісте алдымен жоғары білім мен ғылым саласының жай-күйі қаралды. Қызылорда облысында үш жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда шамамен 20 мың студент білім алуда. Соңғы үш жылда студенттер саны 21 пайыздан астам артқан. Бұл өңірде жоғары білімге деген сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді. Сала басшылары еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша басым бағыттарды айқындады.
Денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Өңірде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің инфрақұрылымын дамыту, аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жаңа нысандар салу және диагностикалық базаны жаңарту шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік саладағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, 2021 жылдан бері облыс бюджеті 234 пайызға өскен. 2023–2025 жылдары әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау нәтижесінде 108 млрд теңге үнемделген. 2022 жылдан бері өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынған.
Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік аясында 2022–2025 жылдары әлеуметтік саланы дамытуға 12,8 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылғаны айтылды.
Кеңес қорытындысында Аида Балаева өңірдің негізгі даму бағыттары бойынша жүйелі жұмысты күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, кадр даярлауды экономиканың нақты сұранысымен үйлестіру, мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тәрбиелік және идеологиялық жұмысты тұрақты бақылауда ұстау, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту міндеті қойылды.
Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған азаматтармен жұмысты күшейту, алдын алу шаралары мен скринингті жандандыру, медициналық ұйымдардағы қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.