Orda.kz сайтына жаңа бас редактор тағайындалды

Qaz365.kz редакциясы

Бұрынғы бас редактор Гүлнәр Бажкенова үйқамаққа қамалған

Фото: Orda.kz

Orda.kz бас редакторының міндетін атқарушы болып Анна Платонова тағайындалды. Бұл туралы Ordamedia.kz серіктестігінің жетекшісі Мақсат Ғаниев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мақсат Ғаниев Анна Платонованың медиа саласындағы тәжірибесі мол журналист әрі редактор екенін атап өтті. Анна Платонова бұған дейін Informburo.kz порталында қызмет атқарған, Orda.kz сайтында екі жыл бойы бас редактордың орынбасары болған. Кейін Centralmedia24.kz сайтының бас редакторы болған. Мақсат Ғаниев жаңа басшылықтың алғашқы шешімдері редакция жұмысының бағытына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, бұрынғы басшылық енгізген кейбір ішкі ережелер өзгеріп, жұмыс форматы жаңаша құрылады.

«Orda.kz сайтының бас редакторының міндетін атқарушы болып Анна Владимировна Платонова тағайындалды. Ол сонымен қатар Ordamedia.kz ЖШС-дегі менің орынбасарым. Анна Платонова — тәжірибелі журналист әрі редактор. Бұған дейін Informburo.kz порталында еңбек етті, Orda.kz редакциясында екі жыл бойы Бажкенованың орынбасары болды. Кейін Centralmedia24.kz бас редакторы қызметін атқарды. Қазір редакцияны күшейту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Тәжірибелі журналистер мен сарапшыларды жұмысқа аламыз», — деді Ғаниев.

Сонымен қатар Orda.kz алдағы уақытта қазақ тіліндегі контентті арттыруды көздеп отыр. Жақын арада YouTube арнада қазақ тілінде алғашқы бейнерепортаж жарық көреді. Сондай-ақ қазақ тіліндегі материалдарға арналған жеке Instagram парақшасы ашылмақ. 

Еске сала кетсек, бұған дейін елдегі танымал БАҚ «Орда» сайтының директоры ауысқаны жайлы жазған едік. Өткен жылы 1 желтоқсан күні бұрынғы бас редактор Гүлнәр Бажкенова үйқамаққа қамалып, үйі мен кеңсесінде тінту жұмыстары жүргізілді.