Жұмысшылар жалақының төмен екенін және әрдайым кешіктіріліп берілетінін айтады
Жамбыл облысында республикалық маңызы бар тасжолдың күтіміне жауапты жолшылар жұмысқа шығудан бас тартты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Олардың айтуынша, айлық төмен. Оның үстіне жауапты компания бір жыл бойы жалақыны кешіктіріп беруді әдетке айналдырған. Сонымен қатар жұмыс беруші зейнетақы қоры мен медициналық сақтандыруға қаржы салмайтынын айтады. 30-ға жуық қызметкер шағымдану үшін облыс орталығына келді. Ашынған жолшылар айлықтан бөлек, қажетті құрылғылардың да жоқтығын жеткізді.
«Жұмысшылар, жүргізушілер, механизаторлар, бәрі қолмен жұмыс істейді. Ешқандай техникамен жұмыс істеп жатқан жоқ. Өз өмірімізді қатерге тігіп, қауіпті техникалармен жұмыс істеп жатырмыз», - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Мақсат Әжібаев.
Ал «ҚазАвтоЖол» мекемесі «бұл мердігер компанияның мәселесі» деп сұхбат беруден бас тартты. Жол күтіміне жауапты шымкенттік компания басшылығы жол жөндеу жұмыстары Астанадан тексеріледі дейді. Процестің ұзаққа созылуына байланысты жалақы мен әлеуметтік төлем кешіктіріп аударылып келгенін растады. Ал айлықты көтеру бойынша арнайы хат жолдап қойған екен.
«Жұмысшылардың арасында мұндай жағдай болмас үшін алдын ала жұмысты есептеп, уақытында береміз. Жалақы көтеру бойынша 4-5 наурызда ресми хат жүзінде «ҚазАвтоЖолға» жолдаған болатынбыз. Ол жерде жұмысшылардың айлығын 30 пайызға көтеру жайын да сұрағанбыз. Енді ұлттық оператор ресми жауап берсе, егер жалақыны көтеруге мүмкіндік болса, біз көтереміз. Одан қашпаймыз», - деді жол күтіміне жауапты компания директорының орынбасары Мақсат Құрмантай.