Экс-министр М.Бектановтың ісі апелляциялық алқаға жолданды

Qaz365.kz редакциясы

Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталған болатын

ТАСС

Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың ісі әскери соттың апелляциялық алқасына жолданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«М.Бектанов мамандандырылған әскери ауданаралық соттың үкімімен 2023 жылдың 24 ақпанындағы ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген жауапта.

Үкім бойынша ол мерзімді жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша күшейтілген мекемесінде өтеуі керек болған.

«Үкім әлі заңдық күшіне енген жоқ, сотталушы М.Бектанов пен қорғаушысы А.Н.Подушкин үкімге шағым түсірді. Іс әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына шағым мәні бойынша қарауға жолданды», - деп жазады Е.Шәріпбеков.

Айта кетейік, 9 наурыз күні бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталған болатын. 

«М. Бектанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының 24.02.2023 жылғы үкімімен сотталды. Оған ең жоғары қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», - деп хабарланған.

Аталған қылмыстық істің «құпия» түрде қаралғанын алға тартқан сот толық ақпарат бермеген болатын.