Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында мұқабасы адам терісінен жасалған кітап сақтаулы

Qaz365.kz редакциясы

Қолжазба Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек басылымдар мұражайында қойылған

Анадолы

Қолжазба Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек басылымдар мұражайында қойылған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Адам терісіне тігілген көне латын қолжазбасы әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Ол Қазақстан мұражайында орналасқан. Кітап көне латын тілінде, болжам бойынша, 1532 жылы жазылған. Алайда бүгінгі күнге дейін 330 беттің тек 10 бетінің шифры ашылған. Анадолының хабарлауынша, қолжазбаны 2014 жылы жеке коллекционерлердің бірі кітапхана қорына сыйға тартқан, содан бері кітап мұражайда.

Мамандар кітапты түптеу әдісінің көп ғасырлар бұрын кең тарағанын және қазір қолданылмайтындығын алға тартады.

«Бұл көрмені тамашалауға келушілер көп болды. Кітаптың мұқабасы антроподермиялық түптеу, яғни адам терісінен жасалған кітап түптеу әдісі арқылы жасалған», – дейді Ұлттық академиялық кітапхананың Ғылым бөлімінің сарапшысы Төлепбай.

Мұқаба ғылыми зертханаларда зерттелді. Ол адамның арқасынан алынған теріден жасалған деген болжам бар.

Бірақ ішінде не жазылғаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Қолжазба Солтүстік Италиядан келген Петрус Пуардус есімді нотариусқа тиесілі болды. Ол 1532 жылы ежелгі латын тілінде жазылған. Алғашқы 10 беттің жазбасын  француз институтының сарапшылары аша алды.

«Оқылған мәліметтерге сәйкес, бірінші беттерде кіріс және шығыс төлемдері, несиелер мен ипотекалық төлемдер туралы ақпарат бар, бірақ қолжазба толық ашылмаған», – деп қосты қазақстандық сарапшы.

Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасы қорында бүгінде 13 мыңға жуық сирек кездесетін кітап сақтаулы.